фото: kff.kz. Суретте: Сергей Малый
Қазақстан құрамасының қорғаушысы Сергей Малый Солтүстік Македониямен болған ойында жеңілістен кейін қазақстандық футболдың шынайы жағдайына баға берді. Бұл туралы Sportinside.kz хабарлайды.
Журналистерге сұхбат берген футболшы инфрақұрылым, мемлекеттік қолдау және даму қарқынының баяулығы туралы ашық айтты.
«Алаңымыз қандай болса, футболымыз да сондай»
9 маусымда Астанада өткен матчта Қазақстан құрамасы өз алаңында Солтүстік Македониядан 0:1 есебімен ұтылды. Ойыннан кейін Малый футболдағы басты проблема – инфрақұрылымның жоқтығы екенін баса айтты:
«Бізде ел ішіндегі инфрақұрылым өспейінше нәтиже талап ету – дұрыс емес. Алдымен, үйдің іргетасын қалап алу керек, содан кейін ғана нәтиже сұрау керек қой. Алаңымыз қандай болса, футболымыз да сондай».
Өзбекстан неге алға озды?
Сұхбат барысында Малый өзбек футболының даму үлгісін мысалға келтіріп, Қазақстанмен салыстырды:
«Оларда мемлекет деңгейінде футболды дамыту туралы нақты тапсырма болды. Соның арқасында уақыт өте келе нәтиже көріне бастады. Бізде де дұрыс бағыт бар, бапкер еуропалық екпін беріп жатыр. Бірақ инфрақұрылымсыз бұл жол ұзаққа созылады».
Атырау мен Ақтау – стадион мәселесі
Футболшы еліміздегі кейбір өңірлердегі алаң жағдайын сынға алды:
«Атырау мен Ақтаудағы стадиондардың жағдайы қандай? Осыдан кейін қандай деңгейдегі футболды күтесіздер? Бізде чемпионат – көктемнен күзге дейінгі күрес. Еуропаға жақындай бергенде ғана футбол басталады. Бірақ қажетті прогресс жоқ».
Суық қалаларға манеж неге салынбады?
Сергей Малый еліміздегі ауа райы қатал өңірлерге манеждер мен жабық жаттығу базаларын салу қажеттігін атап өтті:
«Ақтөбе секілді суық қалаларда стадион, манеж, сапалы жаттығу алаңдары ауадай қажет болатын. Халық келіп, тамашалайтын, футболшылар ойнайтын жағдай жасалуы керек еді. Біз бір аяғымызбен ақсап жүрміз. Футболды алдау мүмкін емес».
Ұлттар лигасынан кейін ештеңе өзгермеді
Қорғаушы 2022 жылғы Ұлттар лигасындағы тарихи жеңістерден кейін ел футболының дамуы жалғаспағанына өкініш білдірді:
«Біз Ұлттар лигасында нәтиже көрсеттік. Сол сәтте серпін керек еді. Бірақ бұл жетістікті тек мереке ретінде қабылдадық, ары қарай ешқандай жүйелі қадам жасалмады. Жоспар емес, эмоциямен жұмыс істедік».