фото: Әлеуметтік желіден
Көп жылдан бері бала сүйе алмай жүрген танымал блогер Елдос «Колобоктың» әке атанатыны туралы сүйінші жаңалық желі қолданушыларын қуантты. Бұл қуанышты жаңалықтың жүзеге асуына тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызының тікелей көмегі тиген.
«Бұл тек менің емес, барша халықтың асыға күткен сәті. Алланың шексіз мейірімімен осы күнге жеттік. “Мариям” қайырымдылық қоры іске қосылған сәттен бастап, қарапайым отбасылармен қатар, танымал, бірақ бала сүюде қиындық көріп жүрген жандарға да қолдау білдіргіміз келді. Солардың қатарында Елдос пен оның жары да болды», – деп жазды Ләйлә өзінің парақшасында.
Тележүргізушінің айтуынша, алғашында бұл бастама сәтсіз болған. Бірақ олар үміт үзбей, әрі қарай дайындық жұмыстарын жалғастырған.
«Бастапқыда өзім Елдостың жарына жаздым. Алайда бірден әрекетке көше алмадық. Біраз уақыт өтті, бәлкім сенімсіздік те болған шығар... Ақырында олар өздері қайта хабарласты. Біз емделуді мүлдем құпия жүргіздік: клиниканың артқы есігі арқылы кіріп, барынша жасырын ұстауға тырыстық. Эмбрион тасымалдау, ота, жүктілікке дайындық сынды кезеңдерден өттік. Өкінішке қарай, алғашқы талпыныс нәтиже бермеді. Бірақ Алланың қалауымен екінші жолы бәрі сәтті аяқталды», – деп бөлісті Ләйлә Сұлтанқызы.