Боксшы Назым Қызайбай «төрт дүркін әлем чемпионы» атануға сөз берді

Боксшы Назым Қызайбай «төрт дүркін әлем чемпионы» атануға сөз берді

фото: Нұрғали Жұмағазы, Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі. Суретте: Назым Қызайбай

Әйелдер арасындағы бокстан әлем кубогының иегері, Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы Назым Қызайбай жарыстан кейін жанкүйерлеріне алғыс айтып, алда өтетін әлем чемпионатына дайындығы жайлы айтты.

Спортшы Instagram парақшасында жарыс туралы әсерімен бөлісіп, жеңісінің маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Мен әлем кубогының чемпионы атандым! Тұғырдың ең биік сатысына көтеріліп, алтын медальді иеленгенім – шексіз қуаныш. Президенттің алдында өнер көрсету – зор жауапкершілік әрі үлкен құрмет. Бұл жекпе-жектерде өз мінезіме, жинақталған тәжірибеме және ішкі сеніміме арқа сүйедім», – деп жазды Назым.

Чемпион алда үлкен дода – 2025 жылы Ливерпульде өтетін әлем чемпионаты екенін айтып, басты мақсаты сол жарыста топ жару екенін жеткізді.

«Әлем чемпионатында өз бабымда, ең мықты күйімде боламын. Бар шеберлігімді паш етуге дайынмын», – деді ол.

Назым Қызайбай өз жазбасында Қазақстан құрамасының әйелдер мен ерлер арасындағы командалық есепте көш бастағанын мақтанышпен атап өтті.

«Бүкіл әлемде бокстың дамып келе жатқанын көру – ерекше қуантады. Бұл жолы қарсыластар өте мықты болды. Бірақ біз бір команда ретінде барлығын еңсеріп, жеңіске жеттік. Бұл – ортақ еңбек пен бірліктің жемісі», – деп жазды спортшы.

Чемпион өз жетістігіне сенім артқан жандарға ризашылығын білдірді:

«Қарсыластарға – мықты жекпе-жектер үшін, жанкүйерлерге – қолдау мен сенім үшін, ал менің үздік бапкеріме және барша ұлттық құрамаға – алғысым шексіз. Біз – бірге мықтымыз!» – деп түйіндеді Назым Қызайбай.