фото: olympic.kz. Суретте: Төрехан Сабырхан
Астанада өткен World Boxing сериясы аясындағы Әлем кубогі кезеңі өз мәресіне жетті. Қазақстан ұлттық құрамасы бұл турнирде сәтті өнер көрсетіп, жанкүйерлердің үмітін ақтады. Жарыстан кейін ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов турнирдің қорытындысы мен алдағы әлем чемпионатына дайындық туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Қайрат Сәтжанов турнирдің жалпы көрсеткішін оң бағалады:
"Жалпы нәтиже жаман емес. Бестік деген баға беруге болады. Бес алтын, бір күміс және екі қола алдық. Егер тағы бір-екі алтын бұйырғанда, "бес+" дер едік. Турнир оңай болмады, қарсыластардың дайындығы өте жоғары болды. Бізге қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғыс айтамын", – деді бас бапкер.
Бапкерден әлем чемпионатына кімдердің қатысатыны жөнінде сұралғанда, ол 70 келі салмақта таңдау нақты жасалғанын атап өтті.
"Әлем кубогінің нәтижесі бойынша, бұл салмақта Төрехан Сабырханға сенім артамыз. Ол өзін жақсы қырынан көрсетті", – деді Сәтжанов.
Сәтжановтың айтуынша, Астанада өткен турнирде чемпион атанғандар Ливерпульде өтетін әлем біріншілігіне жолдама алады. Алайда кейбір салмақ дәрежесінде нақты шешім әлі қабылданбаған.
"Қазіргі таңда 60 және 65 келі салмақ дәрежелерінде әлі де сұрақтар бар. Бұл салмақтар бойынша қосымша спаррингтер өткізіліп, соның нәтижесінде нақты шешім қабылдаймыз", – деді ол.
Айта кетейік, биылғы бокстан әлем чемпионаты 2025 жылғы қыркүйек айында Англияның Ливерпуль қаласында өтеді.