Соңғы уақытта әлеуметтік желіде ерекше танымалдылыққа ие болып жүрген мектеп директорларына қатысты сын пікірлер айтылуда. Осы орайда, Шынар Құрманғали есімді Facebook қолданушысы TikTok арқылы көпшілікке танылған Ақмоншақ Нұртаза жайлы өз ойын білдірді.
«Қоғамда біреу танымал бола қалса, оны шексіз дәріптеп жіберетін әдетіміз бар», – деп жазды автор.
Оның айтуынша, соңғы кезде танымалдылық қуып, әлеуметтік желіде ән айтып, әзіл түсіріп, шоуға қатысып жүрген мектеп басшылары мен дін өкілдері көбейген. Бірі қонақтан-қонаққа барып жүрсе, енді бірі Instagram мен TikTok-та жұлдызға айналуда.
«Ақмоншақ Нұртаза есімді директор екі ай ішінде Instagram желісінде 200 мыңға жуық оқырман жинап, іс-шаралардан қалмай жүр. Тағы бір астаналық директор әзіл видеолар түсіре бастаған. Бұл үрдіс өзге басшыларға да жұғуы мүмкін. Бірақ сұрақ туындайды: егер барлық директорлар желіде контент жасаумен айналысса, мектепті кім басқарады?», – дейді ол.
Мектептің басты мәселесі – сапа мен кадр тапшылығы. Жаңа «Жайлы мектептер» салынғанымен, оларда жұмыс істейтін білікті маман аз. Университеттер педагогтерді жеткілікті дайындай алмай отыр. Ал мектептер бос орындарды толтыру үшін кез келген педагогикалық дипломы бар адамды қабылдауға мәжбүр.
«Осындай жағдайда мектеп директоры ең алдымен – басқарушы тұлға. Оның назары TikTok емес, білім сапасы мен тәрбие ісіне бағытталуы тиіс. Желі арқылы мектептің имиджін көтереміз деу – қысқа мерзімді нәтиже береді», – деп атап өтті Құрманғали.
«Креатив пен заманауилық керек, бірақ TikTok жұлдызы болу – білім көшбасшысының рөліне сай емес. Келешек TikTok-та емес, мектептің ішінде қалыптасады», – деп түйіндеді ол.