Белгілі филология ғылымдарының докторы, ардагер журналист Кәкен Қамзин қартайған шағында жалғыз үйінен айырылу қаупіне тап болды. Бұл туралы журналист Айбар Олжаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша, Кәкен Қамзин алаяқтардың құрбанына айналған. Алдымен өзін "Энергосбыт" қызметкеріміз деп таныстырған белгісіз біреулер ғалымнан мекенжайы, ЖСН және басқа да жеке ақпараттарын алып, артынша ҰҚК қызметкеріміз деп хабарласқан. Олар "біреулер үйіңізді тартып алғалы жатыр, тез арада сатыңыз" деп сендіріп, "ақшаны Ұлттық банктің қауіпсіз шотына саламыз" деген сылтаумен үйді сатуға көндірген.
Қамзин үйін нотариус арқылы сатып, алаяқтардың жіберген курьеріне ақшаны қолма-қол беріп жіберген. Қазір бұл оқиға бойынша Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Айбар Олжаев бұл жағдай қоғам назарынан тыс қалмауы керек екенін айтып, ішкі істер министрі Ержан Саденовтен істі жеке бақылауына алуды сұрады. Сонымен қатар, үйді сату мәмілесін заңсыз деп тану үшін білікті адвокаттардың көмегі қажет екенін де атап өтті. Осы тұста заңгер Абзал Құспаннан кәсіби кеңес сұрау орынды болатынын айтты.
Олжаев бұл іске қоғам белсенділері мен журналистер, сондай-ақ профессордың бұрынғы шәкірттері – Жанарбек Әшімжан, Нартай Сәрсенғалиев, Мақсат Толықбай және Ермұрат Бапидың атсалысуын сұрады.
Тағы бір алаңдатарлық жағдай – Қамзиннің пәтерін сатып алғандар үйге келіп, қоқан-лоққы көрсетіп жатқаны. Қазір ғалым үй ішінде өзін қорғау мақсатында баррикада құрып, қорғануға мәжбүр.
– Бұл жай ғана алаяқтық емес, адам тағдырын аяққа таптау. Қоғам, құқық қорғау органдары мен азаматтық белсенділер үнсіз қалмай, әділеттің орнауына бірге күш салуы керек, – дейді Айбар Олжаев.