"Олардың мақсаты – ақша": белгілі заңгер Абай Бегейдің қызы мен Балғынбектің ұлына қатысты тың деректі айтты

"Олардың мақсаты – ақша": белгілі заңгер Абай Бегейдің қызы мен Балғынбектің ұлына қатысты тың деректі айтты

фото: Dalanews.kz

Белгілі заңгер, Алаяқ.НЕТ жобасының авторы Нұрсұлтан Орынбек соңғы уақытта қоғамда қызу талқыға түскен бірнеше даулы іске қатысты өз пікірін білдірді, деп Sportinside.kz тілшісі Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Заңгер алғашқылардың бірі болып әнші Абай Бегейдің қызы мен күйеу баласының ісіне тоқталды. Оның айтуынша, олар заңсыз жолмен 162 миллион теңге пайда тапты деген күдікке ілінген. Сонымен қатар, биыл көктемде құны 20 миллиард теңгеге бағаланатын үш зәулім мейрамхана салғаны туралы ақпарат тараған болатын.

«Қаржылық мониторинг агенттігі бұл деректерді зерттеп жатыр. Бірақ бұл жерде кінәсіздік презумпциясын ұмытпау қажет. Сонымен қатар, кейбір журналистер расталмаған мәлімет таратып отыр. Қазіргі кезде 214-бап бойынша іс қозғалды. Мониторинг агенттігі банк операцияларын қарап, есеп жүргізіп жатыр. Бірақ мәселе тек оларда емес. Бізде лотерея нарығында жалғыз ғана ресми оператор – "Сәтті жұлдыз" бар. Өзге жекелеген жобалар тіркелмеген жағдайда автоматты түрде заң бұзушылар қатарына түсіп қалады», – деді заңгер.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Орынбек бұл мәселеде Гүлеркем Ниязқұлова мен күйеуінің әрекетіне де тоқталып, олар онлайн курс сатқанын, түрлі қызмет көрсеткенін алға тартатынын айтты. Алайда заңсыз жерлерін алғашқылардың бірі болып көрсеткенін де жеткізді.

Балғынбек Имашевтың ұлына қатысты пікір

Заңгердің айтуынша, айтыскер ақын Балғынбек Имашевтың ұлы – Данияр Имашев та алаяқтық ісі бойынша күдікке ілінген. Ол басқаратын Qazaq Travel компаниясына қажылыққа бара алмаған бір топ азамат шағым түсірген. Данияр қажылық сапарына уәде беріп, алайда ұшу күні қарсаңында жолаушылардың ешқайда ұшпайтынын мәлімдеген.

Полиция бұл іс бойынша қылмыстық тергеу бастап, 50-ге жуық азаматтан арыз қабылдаған. Үш адам күдікті ретінде танылып, олардың қатарында Имашев та бар. Дегенмен Балғынбек Имашев ұлының кінәсіз екенін айтып, билет пен қонақүй бағасының күрт өскенін, алаяқтық болмағанын түсіндіруге тырысты. Алайда жәбірленушілер ақшаларын қайтаруды талап етіп отыр.

"Инфобизнес – алаяқтық көзіне айналды"

Сонымен қатар, заңгер Қуаныш Шонбайдың атына да тоқталып өтті. Ол инфобизнесті алғаш бастаған тұлға болғанымен, бүгінде бұл сала түрлі манипуляция мен алаяқтыққа толы екенін айтты.

«Инфобизнес бастапқыда жақсы ниетпен құрылған шығар, бірақ қазір ол адасушылық пен алдау алаңына айналды. Эксперт атын жамылғандар ақшадан басқа ештеңені көздемейді. Адамдардың сенімін пайдаланады, манипуляция жасайды, өзін діндар етіп көрсетеді. Бірақ нәтижесінде халық алданып, зардап шегіп отыр», – деді Нұрсұлтан Орынбек.

Қаржы мониторинг агенттігі не дейді?

Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, Абай Бегейдің қызы мен күйеу баласы Instagram, TikTok, Telegram арқылы 850 мыңнан астам жазылушысы бар парақшаларында заңсыз онлайн-лотерея ұйымдастырып келген. Олар пәтер, көлік және басқа да қымбат сыйлықтарды ұтысқа тіккенімен, ресми лотерея операторы ретінде тіркелмеген.

Тергеу нәтижесінде 1800-ден астам азаматтың бұл ұтыс ойындарына қатысқаны және 162 миллион теңге заңсыз табыс алынғаны анықталған. Қазіргі уақытта олардың мүлкі мен банк шоттарына бұғат қойылып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Бұл іс агенттіктің ерекше бақылауында.