Қазақстандық танымал рэпер Qurt (шын аты – Дамир Қойшубаев) жұбайын соққыға жыққаны туралы ақпарат қоғамды дүр сілкіндірді. Бұл туралы оның жүкті әйелі Аружан Instagram парақшасында мәлімдеді, деп Sportinside.kz тілшісі Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Аружанның айтуынша, оқиға 27 маусым күні орын алған. Сол күні Дамир әйелін бір сағатқа жуық белдікпен сабаған, соққыдан белдіктің ілгегі сынып кеткен. Алайда рэпер ұруды басқа белдікпен жалғастырған. Аружанның айтуынша, ол жүкті және бұл жағдай оның денсаулығына да, болашақ баласына да үлкен қауіп төндірген.
Жәбірленуші денесіндегі көгерген іздерді видеоға түсіріп, құқық қорғау органдарына шағым түсіретінін жария етті. Сонымен қатар, Дамир кейін үйге қайтып келіп, Аружанға қысым көрсетіп, «ешқандай шағымым жоқ» деген мазмұндағы видео түсіруге мәжбүрлеген.
Бір таңғаларлығы, дәл осы жағдайдан кейін, 3 шілде күні рэпер жаңа альбомын шығарғанын жариялап, әлеуметтік желіде белсенді түрде стористер бөлісіп жүр.
Бұл оқиға отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесіне тағы да қоғам назарын аударды. Әлеуметтік желі қолданушылары мен белсенділер заң аясында әділ шара қолдануды талап етуде.