«Балгердің сөзін ұмыта алар емеспін»: жас келіншек күйеуімен ажырасу күнін күтіп жүргенін мойындады

«Балгердің сөзін ұмыта алар емеспін»: жас келіншек күйеуімен ажырасу күнін күтіп жүргенін мойындады

фото: Ашық дереккөзден

Жамал ханым өзінің студенттік шақта балгерге барғаннан кейінгі өмірінде қалыптасқан ішкі күйзелісімен бөлісті. Ол өзінің бұл әрекетін қазір үлкен қателік деп есептейді және өзгелерге сабақ болсын деген мақсатпен басынан өткен жағдайды жария етуді жөн көрген.

«Төртінші курста пәтерлес қыздармен бірге балгерге еріп барғанмын. Түрік ұлтты, орысша сөйлейтін әйел кофе ішкізіп, ыдыста қалған қою шөгіндіге қарап болашақты болжады. Ұзақ кезек күттік. Ақыры менің де кезегім келді. Балгер маған жақсы маман болатынымды, өмірлік жарымды кейін жолықтыратынымды айтты. Бірақ соңында ‘күйеуіңмен ажырасып кетесің, өйткені ол басқа әйелді сүйіп қалады’ деді. Сол сөздерді ұмыта алар емеспін», – дейді Жамал.

Жамал бүгінде отбасылы, бірнеше баланың анасы, жұмысы бар, сырт көзге бақытты өмір кешіп жатқан әйел. Бірақ балгердің сол сөзі қуанышты сәттерде де жанын тырнап, үнемі көңілін суытады.

«Соңғы кезде күйеуімнің әр сөзі мен әрекетінен ілік іздейтін болдым. Онымен бірге отырыстарға жиі барамын, жұмыстан кешіксе, қайта-қайта қоңырау шалам. Кеше рульде отырған күйеуім менің үздіксіз қоңырауымнан шаршап, ашуланды. Ол ашумен айтып жатса да, мен оны ‘ажырасудың сылтауын айтып жатыр’ деп қабылдаймын», – дейді ол.

Жамал өзін осындай жағымсыз ойлармен күнде жеп қоятынын, кейде жүйкесі сыр беріп, жынданып кетуден қорқатынын жасырмайды. Жаңа жыл, мереке күндері жұрт қуанышпен өмір сүріп жатқанда, ол болашақта ажырасып қалам ба деген қорқынышпен күйзеліске түсіп жүргенін айтады.

«Қазір балгерлерге сенбеймін. Бірақ сол бір болжам санамнан кетер емес. Неге айтты екен? Расымен солай бола ма? — деп ойлай берем. Аяқ асты жасалған бір болжам бүкіл өміріме әсер етіп, ішкі жан тыныштығымды бұзып жатыр. Шын мәнінде, ол сөзге сенбеуім керек еді...» — деп түйіндеді ойын Жамал ханым.