«Екі әйел алмасам, ел күледі»: күйеуінің екі әйел алғанына шыдамаған әйел жан сырын ақтарды

«Екі әйел алмасам, ел күледі»: күйеуінің екі әйел алғанына шыдамаған әйел жан сырын ақтарды

фото: Ашық дереккөзден

Бүгінде ел алдында жүрген, лауазымды қызметтегі азаматтың жұбайы болғанымен, шынайы өмірде жүрегі жаралы әйел редакцияға хабарласып, ішіндегі шерін ақтарды.

Шынарай есімді әйел жуырда ауруханада бір келіншекпен танысып, әңгіме барысында өз өмірін салыстырып, іштей ауыр ойға қалғанын айтады. Күтім көрмеген, шаршаңқы әйелдің: «Ақшаңыз бар, сондықтан сұлу көрінесіз. Менің күйеуім бай болса, мен де жайнап жүрер едім» деген сөзі Шынарайдың жанына батқан. «Байлығың құрысын деп айтқым келді» дейді ол.

Кезінде әкімнің еркесі болған ол өмір жолын әкесінің бағыттауымен бастайды. Алматыға өзі апарып, оқуға түсіріп, қол астындағылар арқылы ақша, азық-түлік жіберіп, барлық жағдайын жасаған. Студенттік өмірі алаңсыз өткен бойжеткен кейіннен әкесінің таныстырған азаматына тұрмысқа шығады. Ғани есімді бұл жігіт те қызмет жолында әке ықпалымен өсіп, олар үлкен той жасап, Мәскеуге бал айына барып, нағыз ертегідей өмір бастайды.

Кейін үш бала өмірге келеді. Әйелі қызметін тоқтатып, бар уақытын отбасы мен балаларға арнайды. Бірақ сол күндердің бірінде бәрі өзгеріп сала береді. Ғани жиі ішіп келіп, үйге қонбайтын, іссапар сылтауымен жиі жоғалатын күйге түседі. Ақыры құрбысы күйеуінің екі әйел алып, екеуіне де пәтер алып бергенін айтып береді.

Шынарай бұл шындықты естігенде есеңгіреп қалады. Күйеуінен жауап алуға тырысқанда, «қазір сондай заман, екі әйел алмасам, ел күледі» деген сөзі тіпті жанын күйдіреді. Ашуға булыққан әйел балаларын алып, әкесінің үйіне кетеді. Бірақ күткен қолдау болмады. «Ғани ақылды жігіт, отбасыны тастамайды. Бәрін сабырмен шеш» деген әкесінің сөзі оған жаны ашудан гөрі, айналаның беделін сақтауға көбірек мән бергендей көрінеді.

Қазір ол сырт көзге бақуатты отбасының бәйбішесі болғанымен, жүрегінде ауыр мұң барын жасырмайды. «Елден ұят болмасын деп той-томалаққа бірге барамыз. Бірақ арамыз суып кеткен. Екі күннің бірінде басқа әйелдерінің үйіне кетіп қалады. Бай болғанымен, жаным тыныш емес. Қара су ішсең де, шын сүйіп, құрметтеген еріңмен қарапайым өмір сүрген артық екен» дейді ол.

Шынарай бүгінде бай, қызметте жүрген ер адамдардың жұбайларына іштей жанашырлықпен қарайтынын айтады. Себебі, «сол әйелдердің мұңын менен артық ешкім түсінбейді» дейді.