фото: instagram.com/ultimatefighter. Суретте: Әліби Ыдырыс
Аралас жекпе-жек шебері, The Ultimate Fighter реалити-шоуының басты жұлдызына айналған қазақ жауынгері Әліби Ыдырыс тек спорттағы жетістіктерімен ғана емес, жүректен шыққан армандарымен де көпшіліктің ықыласына бөленіп жатыр, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Әліби Ыдырыс түсірілім барысында туған қаласы – Ақтөбеге арнайы барып, анасы Нұрзиза Баймұқашеваны көрермендерге таныстырды. Телекамералар оның отбасын, қарапайым тіршілігін көрсетті. Әсіресе анасының ертеңгі сағат 8-ден кешкі 8-ге дейін жергілікті базарда сүт өнімдерін сатып, адал еңбегімен күн көріп жүргені көпшіліктің көңіліне жылы әсер етті.
Әліби Ыдырыс бұл сәтте көзіне жас алып, өз арманы туралы айтты:
"Мен UFC чемпионы болғым келеді. Бұл атақ менің анама деген алғысым болар еді. Ол кісіге үлкен сауда орны алып беріп, кәсібін кеңейтуді армандаймын", – деді спортшы.
Бұл сөздер UFC жанкүйерлерінің жүрегіне жетіп, әлемдік ММА сахнасында қазақ жігітінің тек мықты спортшы ғана емес, үлкен жүректі перзент екенін дәлелдеді.