Жақындарымен жарасымды қарым-қатынас орната алмай жүрген абысын туралы ой бөліскен ERNUR.KZ порталының оқырманы туыстықтың қадірін ұмытқан мінездің ұрпаққа қалай сіңіп жатқанын баяндады.
"Менің абысыным әпке-сіңлілерімен жиі араздасады, тіпті маған да олар туралы жаман сөздер айта береді. Оның анасы да балаларын бір-бірімен салыстырып, «Кенжем бәріңнен озды» деп мақтанады екен. Сол тәрбиенің салқыны енді оның қызынан байқалады", – дейді кейіпкер.
Студент қайынсіңлісінің: «Мен оның күйеуінен де жақсы жігітке тұрмысқа шығам. Әпкем қызғанып, іші күйіп кететін шығар» деген сөзі авторды шошытқан. Өйткені бұл – әпке-сіңлі арасындағы сүйіспеншіліктің орнын бақастық пен күншілдік басқанын білдіреді.
Кейіпкер өз отбасында бұлай болмағанын, бала күнінен ата-анасының татулығын көріп өскенін айтады. "Әкем мен анам біз отырған жерде ұрыспайтын. Мәселені оңаша талқылайтын. Біз де сондай үлгімен өстік. Сол тәрбие қазір аға-әпкелермен татулығымызға себеп", – дейді ол.
Жазба соңында автор әрбір ата-ана баласына үлгі екенін, өз мінез-құлқымен ұрпағының болмысын қалыптастыратынын еске салады. "Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің. Қазір баламның көзінше ренжіп сөйлемеуге тырысамын. Өйткені кейін менің қылығым оған айналып келуі мүмкін", – дейді жүрек түбінен шыққан сөзімен.