"Келінін буындырып өлтіріп, денесін өртеп, өзі қашып кеткен": Шешенстанда қорқынышты жайт орын алды

"Келінін буындырып өлтіріп, денесін өртеп, өзі қашып кеткен": Шешенстанда қорқынышты жайт орын алды

Шешенстанда бұрынғы келінін асқан қатыгездікпен өлтірген Руслан Умаев атты 46 жастағы ер адам Украинадағы соғысқа кетіп, қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кеткен. Бұл туралы қауіпсіздік органдарына жақын Baza Telegram-арнасы мәлім етті, деп хабарлайды Alash.kz.

Марқұм Кристина – Мәскеу маңындағы Лобня қаласының тұрғыны. Ол 2019 жылы Ахмед есімді жігітпен танысып, арада бір жыл өткенде оған тұрмысқа шығып, бірге Шешенстанға көшіп барған. Алайда қыздың жақындарының айтуынша, Ахмед Кристинаға үйленгісі келмеген, тек әкесі — Руслан Умаевтың талабымен ғана үйленуге мәжбүр болған.

Отбасылық өмірі қиын өткен Кристина күйеуінен жиі зәбір көріп, енесінің де қысымына ұшыраған. Қызы екеуіне кейде тамақ та жетпей қалып отырған. Әйтсе де, ол қайын атасы жайлы ешқашан шағымданбаған.

2022 жылы Кристина ажырасуға шешім қабылдап, Мәскеу маңына қайта көшкен. Бірақ шешендік туыстары баланы бірге асырау құқығына қол жеткізіп, Кристина жиі қызын көруге Шешенстанға барып жүрген. Сол сапарларда күйеуін көрмегенімен, бұрынғы қайын атасы жиі қасында жүрген.

Қайтыс болған қыздың анасы мен құрбысының айтуынша, Руслан Умаев соңғы уақытта Кристинаға күмәнді, тым жақындық танытып, тіпті оны қарым-қатынасқа мәжбүрлеуі мүмкін болған.

2024 жылдың қыркүйегінде Кристина Шешенстанда болған сапары кезінде туыстарымен байланысқа шықпай қалған. Көп ұзамай оның өлімі туралы ақпаратты анасы БАҚ арқылы естіген. Тергеу барысында Руслан Умаев өзінің кінәсін мойындап, бұрынғы келінін ұйықтап жатқанда тұншықтырып өлтіргенін, сосын денесін көлік дөңгелектерімен бірге өртеп, қалдықтарын өзенге тастағанын айтқан. Тергеу кезінде оның үйінен Кристинаның қаны жұққан жіп пен дивандағы шәуеттің ізі табылған.

Умаев бұл қылмысын «аморальды әрекеттерге барғаны үшін» жасағанын айтқан. Алайда оған қатысты қозғалған қылмыстық іс сотқа жетпей тоқтап қалған. Себебі Умаев Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырып, Украинадағы соғысқа аттанған. Марқұмның анасы Анастасияның айтуынша, оның адвокаты істі уақытша тоқтату жөнінде сотқа өтініш берген, ал сот келісімшарттың негізінде бұл өтінішті қанағаттандырған.