Енем «Балам саған дейін ішпейтін, темекі шекпейтін» деп айта береді: Жас келіннің жанайқайы

Енем «Балам саған дейін ішпейтін, темекі шекпейтін» деп айта береді: Жас келіннің жанайқайы

фото: Ашық дереккөзден

«Күйеуім ішіп кетсе де, жұмыссыз жатса да, бәріне мен кінәлі бола берем бе?» – деп мұңын шағады үш баланың анасы.

Оның айтуынша, күйеуі үйдің кенжесі әрі жалғыз ұлы болғандықтан, анасының еркелетіп өсірген баласы. Алғашында ішпейтін, темекі шекпейтін, еңбекқор жігіт болған. Бірақ үйленген соң күйеуінің мінезі күрт өзгеріп, жұмыссыз қалып, үй тірлігіне немқұрайлы қарай бастаған.

«Үш баламыз бар. Кішкентайым – 1 жаста. Күйеуім жұмыссыз, ал мен амалсыз тойханаларда аспаз болып істеп жүрдім. Бірақ үйдегі жағдай ушығып, жұмысымды тастауға мәжбүр болдым», – дейді келін.

Ол күйеуінің достарын үйге жиі шақырып, арақ ішіп, темекі тартатынын айтып, балалардың қауіпсіздігіне алаңдайтынын жеткізді. Бір күні жұмыстан ерте келсе, есік ашық, бала далада ұйықтап жатқан, ал күйеуі екі досымен сыра ішіп, карта ойнап отыр екен. Үй түтінге толы, ал екі қызының қайда екені белгісіз болған.

«Бөтелке лақтырдым. Шыдамадым. Сол күні барлығын қуып шықтым. Өзіме де, балаларға да қатты жаным ашыды», – дейді ол.

Қазір отбасы мүшелері бір үйде тұрып жатыр. Бірақ ерлі-зайыптылардың арасында сенім мен сыйластық жоқ. Күйеуі күні бойы ұйықтап, фильм қарап, әлеуметтік желіде отырады. Ал әйел адам үш балаға қарап, жәрдемақыға күнелтіп жүр.

«Енем «Келінім бұзды баламды» дейді. Қайынбикелерім мені кінәлайды. Абысындар «еркекті айламен ұста» дейді. Ал мен, амалсыз, бар жауапкершілікті өзім арқалап келем. Бірақ мен де адаммын. Мен де шаршаймын...» – деп сөзін түйіндейді жас ана.