фото: kznews.kz
Айтыстың жарық жұлдызы, ақын Айнұр Тұрсынбаева марқұм айтыскер, ел есінде өшпес өнерімен қалған Оразалы Досбосынұлының ұлы Нұрсұлтанға су жаңа BMW көлігін сыйға тартты. Бұл жайлы ақын Балғынбек Имаш өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
“Айтыстың оғланы Оразалы досымыздың ұлы, тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы, асылдың сынағы Нұрсұлтан інімізге Айнұр досым су жаңа БМВ көлігін сыйға тартты. Оразалының астына ат мінгізгеннен артық қуанып отырмын! Көзіме ыстық жас келіп, көңілім босап қалды. Алла разы болсын, Айнұр! Айтыстың аққуы, Алаштың ақ туы!”, – деп жүрекжарды лебізін білдірді Балғынбек.
Айнұр Тұрсынбаева бұл игі ісі арқылы өнер иелерінің арасындағы сыйластық пен достықтың, рухани мұраға деген құрметтің жарқын үлгісін көрсетті. Әкеден де, анадан да ерте айырылған Нұрсұлтан мен Нұрайша есімді бауырларына қамқорлық танытып, үлкен жүрек пен адамгершілік танытқаны көпшіліктің ризашылығын туғызды.
“Қыз болса да елдің жүгін арқалап жүрсің. Жақсылық жасау үшін бай болу міндетті емес, мейірімді болу жеткілікті!”, – деп түйіндеді Балғынбек ақын.