"Имамдар жаназа оқу үшін 100 мың теңге сұрайды": айтыскердің жазбасы қоғамда шу тудырды

"Имамдар жаназа оқу үшін 100 мың теңге сұрайды": айтыскердің жазбасы қоғамда шу тудырды

Жамбыл облысындағы жаназа рәсімдеріне байланысты орын алған жағдай жұртшылықтың ашу-ызасын тудырды. Айтыскер ақын Алик Бекмұсаев Facebook парақшасында Сарысу ауданында жаназа намазын оқу үшін 100 мың теңге сұралатынын жазып, бұл мәселені көпшіліктің назарына ұсынды. Ақынның бұл мәлімдемесі әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырып, ел арасында үлкен резонансқа айналды.

"Біздің Сарысу ауданында жаназа 100 мың теңге деп “ставка” белгіленіпті. Керең болғыр құлақ мұндай сұмдықты да естіді-ау… Жоғарыдан келген бұйрық дейді. Жоғарыда естір құлақ болса, шықсын бері", – деп ашынып жазды айтыскер.

Жазба астында көпшілік "Қарапайым халық мұндай ақшаны қайдан табады?", "Жақынымыз қайтыс болса, ақша болмағандықтан жаназасын шығара алмай қаламыз ба?" деген мазасыз сұрақтарды ашық жазып, наразылықтарын білдірді.

Осыған байланысты Жамбыл облысының бас имамы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңірлік өкілі Асқар Сатылғанов арнайы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, жаназа үшін ақы талап ету – шариғат нормаларына да, адамгершілік қағидаттарына да мүлде қайшы әрекет.

"Жаназа үшін ақы сұраған адам ресми имам болмауы да мүмкін. Діни рәсімдерді тек ресми бекітілген мешіт имамдары атқаруы қажет. Сонда мұндай түсініспеушіліктер туындамайды", – деді ол.