«Менде ұл болмай қалды»: Жұлдызай Дүйсенбиева қиын сәтті айтып, жылап қалды (ВИДЕО)

«Менде ұл болмай қалды»: Жұлдызай Дүйсенбиева қиын сәтті айтып, жылап қалды (ВИДЕО)

фото: Әлеуметтік желіден

Белгілі актриса Жұлдызай Дүйсенбиева жеке өміріндегі ең ауыр әрі жанды жаралаған тақырыптың бірін қозғап, сұхбат кезінде көзіне жас алды. Ол бұл сырын блогер Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында айтты.

Актрисаның айтуынша, отбасында ұл бала болмағаны оны әлі күнге дейін толғандырады.

Менің отбасымда ұл болған жоқ. Бұл мен үшін өте ауыр тақырып. Жақында ғана ең кенже сіңілімді ұзаттық. Сол тойда, 150 адамның алдында, әкемді құшақтап, көз жасымды тия алмай рахмет айттым. Себебі менің әкем ешқашан “менде ұл болмады” деп анамды кінәлап, тастап кеткен жоқ. Анам оған талай рет “басқа әйел ал” деп рұқсат еткенде де, ол “жоқ, осы төрт қызым маған Құдайдың берген аманаты” деп бізді шын жүректен қабылдады, – деді Жұлдызай.

Ол қоғамда ұл балаға деген артық құрмет пен салмақты да сынға алды:

Бізде, жалпы қазақта, ұл туған әйелді жоғары қояды. Ұлды жалпы биікке қояды. Сонда қыз перзент емес пе? Бірақ менің әкем бұл көзқарасқа қарсы шықты. Ол бізді шексіз жақсы көрді, тәрбиеледі, барынша қамқор болды. Бүгінде қандай деңгейге жетсек те, ол — Алланың бұйырғаны, содан кейін әке-шешеміздің махаббатының арқасы, – деп ағынан жарылды актриса.