Бұрын істі болған "Барыс" басшысына қатысты Антикор мәлімдеме жасады

Бұрын істі болған "Барыс" басшысына қатысты Антикор мәлімдеме жасады

фото: "Барыс" хоккей клубы. Суретте: Сәкен Мұсайбеков

Қазақстанда бұрын алаяқтық үшін сотталған Сәкен Мұсайбековтің «Барыс» хоккей клубының бас директоры болып тағайындалуы қоғамда қызу талқылануда. Бұл мәселеге байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров түсініктеме берді, деп Sportinside.kz тілшісі Kazinform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Данияр Бигайдаровтың айтуынша:

«Сәкен Мұсайбеков 189-баптың 4-бөлігі – аса ірі көлемдегі алаяқтық бойынша сотталған. Бірақ ол кезде бұл бап коррупциялық қылмыс санатына жатпайтын».

Яғни, сол кездегі заң бойынша, Мұсайбековке мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуге тыйым салынбаған.

Антикор өкілі атап өткендей:

«2022 жылы агенттіктің бастамасымен заңнамаға өзгеріс енгізіліп, дәл осы бап (189-бап, 4-бөлік) сыбайлас жемқорлыққа қатысты баптар тізіміне қосылды».

Осы баппен сотталған адамдар өмір бойы мемлекеттік қызметке, квазимемлекеттік секторға, басшылық қызметтерге орала алмайды. Алайда бұл шектеулер тек 2022 жылдан кейін сотталғандарға қолданылады.