"Жүрегіңді сыздатады": Сәкен Майғазиевтің анасы немересінің тойына қатыса алмайтын болды (видео)

"Жүрегіңді сыздатады": Сәкен Майғазиевтің анасы немересінің тойына қатыса алмайтын болды (видео)

фото: skifnews.kz

Сәкен Майғазиевтің анасы денсаулығына байланысты ұлы Әділеттің үйлену тойына қатыса алмады. Әнші Instagram парақшасында анасының жүрек тебірентер сәлемін жариялады. Анасы тойға бара алмаса да, екі ай бұрын баласына ақ батасын беріп, үйлену тойын тезірек өткізуге «тапсырма» берген екен:

«Менің халімді көздеріңмен көріп жүрсіңдер, жасарып бара жатқам жоқ. Күннен күнге қайратым кеміп, қауқарым кетіп барады. Мені зарықтырмай Әділетімді үйлендіріңдер, тапсырма сол!» – деген анасы.
«Өзім үйлен деп бұйрық беріп алып, тойға бармай қалғаныма ренжімеңдер», – деп қалжыңдап та қойыпты.

Сәкен Майғазиев осы сәтте анасына деген алғысын білдіріп:

«Аналық ақ жүрегіңізбен берген бастаңызды, тілген тілегіңізді мейірімі шексіз Алла тағала қабыл еткей, анашым», – деп жазды.

Әнші анасының жағдайын бүкпесіз баяндады. Қазіргі таңда ол 89 жаста. Бірақ өзі «94-темін» деп әзілдейтін көрінеді. Жасы ұлғайған анасының жағдайы күннен күнге қиындап бара жатқанын әнші жасырмады:

«Көз алдыңда жүрісі баяулап, жанары тайып, есте сақтау қабілеті төмендеп бара жатқаны жаныңа батады, жүрегіңді сыздатады. Бір бөлмеден бір бөлмеге әрең жетіп жүр».

Соған қарамастан, Сәкен Майғазиев анасына деген құрметін іспен де, сөзбен де жеткізді:

«Алла қаласа, тойдан кейін Әділетіңіз бен Әдияңызды алып, сіздің ақ батаңызды алуға, келініңіздің қолынан шай құйып, қызмет етуге ауылға тағы келеміз. Алла сізге күш-қуат берсін», – деді ол.