фото: Әлеуметтік желіден. Суретте: Әбиба Әбужақынова
Дзюдодан Қазақстанның үмітін үкілеп жүрген спортшы Әбиба Әбужақынова жуырда өткен әлем чемпионатында күміс жүлде иеленіп, ел абыройын асқақтатты. Осы жетістігі үшін оған «Jenys» клубы су жаңа автокөлік сыйға тартты. Қуанышты жаңалықты Әбиба өзінің Instagram парақшасында бөлісті, деп хабарлайды Sportinside.kz.
«Бүгін әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанғаныма «Jenys» клубы көлік атады. Ел мерейін үстем еткенде, клубымыз да бізді әрқашан қолдап, жетістігімізге ерекше қуанып отырады. Өте қуаныштымын және «Jenys» клубына ризашылығымды білдіремін», – деп жазды дзюдошы.
Әбиба Әбужақынова – қазақ қыздары арасынан алғаш рет әлем чемпионатының финалына шыққан спортшы. Финалда ол Италия өкілі Асунта Скуттомен белдесіп, шешуші сәтте иппон әдісімен жеңіліп, күміс медаль иеленді. Бұл оның әлем біріншілігіндегі үшінші жүлдесі.
Спортшы қазіргі таңда Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) рейтингінде екінші орынға көтерілді. Оның қоржынында – 5662 ұпай. Бұл – Әбибаның тұрақты еңбек пен табандылықтың нәтижесі екенін айғақтайды.