фото: uww.org. Суретте: балуан Ризабек Айтмұхан
Қазақстандық еркін күрес шеберлері Түркияда өткен халықаралық турнирде бес бірдей медаль жеңіп алып, ел мерейін асқақтатты, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Спорт додасы Түркияның Коджаэли қаласында ұйымдастырылып, әлемнің бірнеше елінен мықты балуандар қатысқан бұл турнирде қазақ балуандары жоғары нәтиже көрсетті.
Атап айтқанда, 74 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрқожа Қайпанов пен 97 келі салмақ санатында сынға түскен Ризабек Айтмұхан алтын жүлдені жеңіп алып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Сонымен қатар, Қазақстан командасы үш күміс медальді де қанжығаға байлады. 70 келіде күрескен Начын Куулар, 86 келіде белдескен Азамат Дәулетбеков және 125 келі салмақта бақ сынаған Әлішер Ерғали финалға дейін жетіп, турнирдің күміс жүлдегері атанды.
Жалпыкомандалық есеп бойынша Қазақстан құрамасы екінші орынды иеленді. Турнир иелері – Түркия құрамасы бірінші орынды жеңіп алса, үшінші орын Болгария құрамасына бұйырды.