«Ең алдымен руымды сұрайды»: Ресей атынан өнер көрсететін қазақ қызы өзі туралы ашып айтты (видео)

«Ең алдымен руымды сұрайды»: Ресей атынан өнер көрсететін қазақ қызы өзі туралы ашып айтты (видео)

фото: Омск облысының бокс федерациясы. Суретте: Салтанат Меденова

Бокстан әлем чемпионы Салтанат Меденова оқу-жаттығу жиындарына қатысу мақсатында Алматыға келіп, өзінің шыққан тегі мен болашақ жоспарлары туралы «Спорт Министрі» телеграм-арнасына сұхбат берді. Қазір Ресей атынан өнер көрсетіп жүрген қандасымыз Қазақстанмен тығыз байланысы барын айтып, өз тамыры жайлы да ашық айтты, деп Sportinside.kz тілшісі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Салтанаттың айтуынша, бұған дейін де Қазақстанға бірнеше рет келіп үлгерген. Соның ішінде биыл мамырда Астанаға, бұған дейін анасы екеуі Алматыға демалуға барған. Ол туған елінің табиғатына ерекше сүйсінетінін жеткізді:

«Алматының, жалпы Қазақстанның табиғаты ерекше ұнайды. Бұл жолы оқу-жаттығу жиынына келдік. Қыздар Медеуге ғана барып үлгерді. Бірақ соның өзінде ерекше әсермен оралды. “Жоғарыға көтерілгенде өзімізді қыран бүркіттей сезіндік” деп жатыр. Өкінішке қарай, олармен бірге бара алмадым», – дейді ол.

Салтанаттың айтуынша, Қазақстанда жүргенде, тіпті әлеуметтік желіде жазатын көпшілік ең алдымен оның руын сұрайды екен.

«Қыздармен араласып тұрамыз. Олар жылы қарсы алады. Тек арасында сөздерін түсінбей қалатын кездерім болады. Әдетте менен бірінші кезекте руымды сұрайды. Қазақстандықтар да жекеме жазып сұрайды. Орта жүздің ішінде Қыпшақпын», – дейді спортшы.

Салтанаттың өзі Ресейдің Омбы қаласында өсіп, қазақ тілін жақсы меңгеруге толық мүмкіндік болмағанын жасырмады. Алайда үйінде қазақы тәрбие сақталған.

«Әжем ғана қазақша сөйлейді. Ата-анам Омбыда тұрады. Біз үйде жартылай қазақша, жартылай орысша сөйлесеміз. Оқу орындарында, жаттығуларда тек орыс тілінде сөйлейміз», – дейді ол.

Салтанат Меденоваға өзге елдерден, соның ішінде Қазақстаннан да спорттық ұсыныстар түскен. Бірақ ол бапкеріне деген құрметі үшін азаматтығын ауыстыру ойында жоқ екенін ашық айтты.

«Әзірге шектеулер көп, соған қарамастан жарыстарға қатысып жүрміз. Өзге елдерден де ұсыныстар бар. Қазақстаннан да шақырту болды. Бірақ мені тәрбиелеп, бүгінгі деңгейге жеткізген бапкерімді ренжіткім келмейді. Сондықтан ондай нұсқаларды қарастырып жатқан жоқпын», – деді ол.