«Ондай залымдар бұрыннан болған»: белгілі заңгер Наркенже Серікбаеваны кінәлады

«Ондай залымдар бұрыннан болған»: белгілі заңгер Наркенже Серікбаеваны кінәлады

Танымал заңгер, адвокат Ләззат Ахатова Facebook парақшасында әнші Наркенже Серікбаеваға қатысты өз ойын жазды. Оның айтуынша, ел алдына мәселені жайып салып, кейін ештеңе болмағандай әрекет ету – халықты мазақ еткенмен бірдей. 

Ахатованың сөзінше, өнер иесінің көз жасына сеніп, қолдау көрсеткен жұртты «екіжүзді» деп кінәлау орынсыз.

«Өзінің бүкіл мәселесін елге жайып салып, кейін халықты “екіжүзді” деп кінәлағаны дұрыс емес. Ел ешқандай кінәлі емес. Көз жасын көріп, жұбатып, жанашырлық танытты. Ал бір күн өтпей, бастығымен бірге түсірген “бәрі жақсы” деген видео үндеуі елді мазақ қылғандай әсер қалдырды», – деп жазды заңгер.

Ол сондай-ақ қоғамда харрасментке ұшыраған әйелдерді қолдау керек екенін айтып, бұл оқиға филармония басшысына үлкен сабақ болғанын алға тартты. Дегенмен Наркенженің әрекетінде түсініксіз тұстар көп екенін де атап өтті.

«Халық екіжүзділіктен, жасанды әрекеттерден шаршады. Егер шын мәнінде кешірген болса, видеодан бұрын, халыққа “мен кешірдім” деп түсіндіріп, сабырға шақырса, бұл реакция болмас еді. Әйтпесе ешкім ешкімнің өміріне араласпайды», – деді Ахатова.

Бұған қоса заңгер Наркенже Серікбаеваның жұмысына қатысты айтылған сынға да тоқталды. Ол әншінің жұмысқа сирек барып, той-томалақта жиі жүретіні туралы айыптаулардың еңбек заңнамасына сай келмейтінін айтты.

«Жылына бар болғаны 20 рет қана жұмысқа барғаны рас болса, бұл – Еңбек кодексінің өрескел бұзылуы. Мұндай қызметкерге жыл он екі ай бойы жалақы төлеу – заңсыз. Сондықтан алдымен әр адам өз міндетіне адал болуы қажет. Әйтпесе, әлсіз тұсы бар адамды қысымға түсіру оңай», – деді ол.