«1 жыл бойы ақша жинадық»: 10 қызы әкесіне пәтер сыйлап, жұртты таңғалдырды (видео)

«1 жыл бойы ақша жинадық»: 10 қызы әкесіне пәтер сыйлап, жұртты таңғалдырды (видео)

фото: SN.kz

Маңғыстау облысында ерекше оқиға орын алды. Шалғын Өтеғұловтың 60 жас мерейтойына орай 10 қызы мен 1 ұлы бірігіп, әкелеріне пәтер тарту етті. Бұл ізгі әрекет желі қолданушыларының жүрегін елжіретіп, көпшіліктің көңілінен шықты, деп Sportinside.kz тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Жақсыгүл Шалғынқызының айтуынша, олар бұл қуанышты күнді есте қаларлықтай өткізу үшін бір жыл бұрын дайындықты бастаған.

«Біз қарапайым ауыл отбасысынанбыз. Әкемізге қуаныш сыйлау – біздің парызымыз. 2021 жылы оған LADA Niva көлігін сыйлаған болатынбыз. Сол кезде де көпшіліктің назарына іліккенбіз. Бірақ бұл жолы тағы да бәріміз ақылдасып, үлкен тосынсый жасауға бекіндік. Бір жыл бойы әрқайсымыз қаражат жинадық», – дейді Жақсыгүл.

Ақтаудан үй іздеуге отбасының егіз қыздары – Әмина мен Әлина атсалысқан. Бұған дейін ата-анасына бір бөлмелі үй сыйлаған қыздар бұл жолы кеңірек, жайлы баспана алып беруді ұйғарған.

«Ата-анамыз ауылда мал ұстап отыр. Жастары келіп қалған соң, қалада келіп демалып, ем алуға жағдай жасайық деп шештік. Сонымен қатар анамызға алтын білезік сыйладық», – дейді қыздары.

Пәтердің құны нақты айтылмаса да, тойды өткізуге, бейнежазба түсіруге, басқа да ұсақ-түйек шығындарға әрқайсысы 700 мың теңгеден ақша жинаған. Ал негізгі қаражат пәтерге жұмсалған.

«Біз бұл қуанышты екі ай бойы ата-анамыздан жасырып, пәтерді сәуір айында сатып алдық. 14 маусымда кілтін салтанатты түрде табыстадық. Пәтерді толықтай жаңартып, жайлы етіп жасап қойдық», – деді үйдің үлкені.