фото: shaiba.kz. Суретте: Ернар Мұсабаев
Хоккейден Қазақстан жастар құрамасының бұрынғы ойыншысы, 25 жастағы Ернар Мұсабаев сирек кездесетін жұмсақ тіндердің қатерлі ісігі – миксоидты липосаркома диагнозын алғанын жариялады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Қазір спортшы Оңтүстік Кореяда ем қабылдап жатыр. Оның айтуынша, бұл жағдай – тек физикалық емес, рухани тұрғыдан да ауыр сынақ. Дегенмен ол жігерін жанып, ауыр дертпен күресуге бел буған.
«Бұл кезең маған оңай тиіп жатқан жоқ. Бірақ өзімді жалғыз сезінбеймін. Көмек сұрауды, қолдауға жүгінуді үйреніп жатырмын. Мен күресуге дайынмын», – дейді Ернар.
Айта кетейік, Мұсабаев бұған дейін «Барыстың» фарм-командасы – «Снежные барсы» сапында ойнап, Қазақстан жастар құрамасы атынан әлем чемпионаттарына қатысқан. Ол кәсіби хоккейдегі соңғы маусымын 2020-2021 жылдары Павлодардың «Ертіс» клубында өткізген.