фото: instagram/dina_tolepbergen
Белгілі тележүргізуші Дина Төлепберген ерлі-зайыптыларға қарым-қатынасты берік ұстаудың бір жолы ретінде ортақ қызығушылықпен айналысуды ұсынды, деп Sportinside.kz тілшісі Azattyq Rýhy порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Оның айтуынша, үйленгеннен кейін махаббаттың әлсіреуіне көбіне күнделікті тұрмыстық тіршілік себеп болады.
«Маған жиі қойылатын сұрақтың бірі – “Махаббат неге жоғалады?”. Шын мәнінде, сезімді сөндіретін – сол үй шаруасы мен тұрмыстың өзі. Осыған көзім жетті. Көптеген отбасылардың тағдырын зерттегеннен кейін сеніммен айта аламын», – дейді Дина.
Ол жары екеуін біріктіретін ортақ іс – жүзу екенін атап өтті.
«Біз аптасына екі рет бассейнге барып жаттығамыз. Жаттығудан кейін ұрсысуға да, дауласуға да күшің қалмайды. Әңгімеміз спорт техникасына, жүзу әдістеріне ауысып кеткен. Алдымызға мақсат қойып, Oceanman жарыстарына қатысып жүрміз. Дубайда 1,5 шақырым, Италияда 5 шақырым жүздік», – деді ол.
Дина Төлепберген әр отбасыға бірлескен әрекеттер мен жаңа эмоциялардың қажет екенін еске салып:
«Егер бірге жүзе алмасаңыздар, бірге серуендеңіздер, спортпен айналысыңыздар, кітап оқыңыздар. Ең бастысы – ортақ мақсат болуы шарт», – деп қорытындылады.