фото: Ian MacNicol/Getty Images. Суретте: Александр Бублик
Ресей теннис федерациясының вице-президенті әрі ITF директорлар кеңесінің мүшесі Алексей Селиваненко Уимблдон-2025 турниріне өз болжамын айтып, Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бубликтің қабілет-қарымын жоғары бағалады, деп Sportinside.kz тілшісі Championat.com сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Алексей Селиваненко Синнер мен Алькарас арасындағы тағы бір финалдық кездесудің ықтималдығын салыстырмалы түрде әзілмен сипаттады:
«Бұл екеуінің финалда қайта кездесуі – көшеден динозавр көріп қалу ықтималдығымен бірдей: не көреміз, не көрмейміз. Яғни екеуінің бірі жетуі мүмкін, бірі жете алмайтыны анық. Бірақ олар қазіргі теннистің көшбасшылары екені рас. Дегенмен әр турда жеңіліп қалу қаупі бар», – деді ол.
Сарапшы сондай-ақ қазақстандық Александр Бубликтің де үлкен нәтиже көрсету мүмкіндігі барын атап өтті:
«Саша Бублик қазіргі сәтте жақсы формада. Егер ол осы қарқынын, позитивті энергиясын сақтаса, турнирдің кез келген кезеңіне дейін жетуі ғажап емес. Уимблдонда әрдайым тосынсыйлар болады – финалға дейін жетіп қалатындар да табылады», – деді ол.
Айта кетейік, жақында өткен Ролан Гаррос-2025 финалында Карлос Алькарас Янник Синнерді бес сетке созылған тартысты матчта жеңіп шыққан еді. Ал Александр Бублик бұл турнирде ширек финалда дәл сол Синнерге жол берген болатын.