Әлем чемпионатында жүлде алған спортшыға министрлік сыйақы беруден бас тартқан

Әлем чемпионатында жүлде алған спортшыға министрлік сыйақы беруден бас тартқан

фото: Nikola Stojadinovic / Getty Images

Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны, пара-армрестлингтен әлем чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болған спортшы сот арқылы мемлекеттен сыйақы өндіруге қол жеткізді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Өскемен қаласының тұрғыны 2022 жылы Түркияның Анталья қаласында және 2023 жылы Алматыда өткен пара-армрестлингтен әлем чемпионаттарында күміс және қола медаль иеленген. Ол ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының спорт клубының атынан ел намысын қорғаған.

Алайда ҚР Туризм және спорт министрлігі құжаттарды уақытында тапсырмағанын және 20 елден қатысушы болмағанын алға тартып, спортшыға сыйақы беруден бас тартқан. Бұл талаптар жақында қабылданған нормативтік акт негізінде енгізілген еді.

Бірақ ШҚО-ның мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 2022 жылғы чемпионат өткен кезде мұндай талаптың болмағанын ескере отырып, министрліктің әрекетін заңсыз деп таныды. Сот шешімінде, бұйрықтардың артқа жүру күші болмайтыны, сондай-ақ бұл жағдайдың Конституция мен БҰҰ-ның мүгедектер құқығы жөніндегі Конвенциясына қайшы келетіндігі айтылған.

Соттың айтуынша, спортшының жарыстарға қатысуы мемлекеттік қолдаумен жүзеге асқан – жол шығындары бюджет есебінен төленген. Бұл өз кезегінде оның ел атынан шыққанын дәлелдейді.

Сонымен қатар, сот министрліктің бас тарту әрекетін "сенім құқығын қорғау" қағидатына қайшы деп таныды. Осы негізде сот министрліктің іс-әрекетін заңсыз деп танып, сыйақыны заңмен белгіленген мерзімде төлеуді міндеттеді.