"Өзбектер мықты": танымал бапкер қазақ боксын кім құтқара алатынын айтты (видео)

"Өзбектер мықты": танымал бапкер қазақ боксын кім құтқара алатынын айтты (видео)

фото: Тұрар Қазанғапов. Суретте: Хасанбой Дусматов пен Сәкен Бибосынов

Танымал бапкер Мұхит Амантаев YouTube желісіндегі «Бірінші Бол» арнасына берген сұқбатында 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

«Қазір бокста бірінші орында тұрған ел – Өзбекстан. Әлем, Азия чемпионаттарының, Олимпиаданың алтынын да өзбектер алып жүр. Ал Бақыт Сәрсекбаев – өзбек боксшыларының әлсіз және мықты тұстарын жақсы білетін адам. Ол Қазақстан құрамасындағы жігіттерге өзбектерді қалай жеңуге болатынын үйрете алады», – деді Амантаев.

Маманның айтуынша, Бақыт Сәрсекбаев – Өзбекстанда жаттыққан, сол елдің бапкерлерімен және спортшыларымен ұзақ уақыт бірге дайындалған тәжірибелі спортшы. Бірнеше рет Өзбекстан туын көтеріп, түрлі жарыстарда топ жарған. Алайда сол елде кейде оның жолын жауып, Олимпиадаға баруына мүмкіндік бермеген кездер де болған.

«Бақыт аға – өзбек боксының стилін бес саусағындай білетін бапкерлердің бірі. Ол Қазақстан құрамасына өзбек боксынан басым түсу жолында көп пайдасын тигізе алады», – деп түйіндеді Амантаев.

Айта кетейік, Бақыт Сәрсекбаев Павлодарда дүниеге келгенімен, бала күнінен Ташкент облысындағы Табақсай ауылында ата-әжесінің қолында өскен. 12 жасынан бастап боксқа бет бұрған. Ол жеті рет Өзбекстан чемпионы атанған. 2004 жылы Афина Олимпиадасына іріктеуден өте алмай, Қазақстан атынан өнер көрсетуге шешім қабылдаған.