"Жеңсең, тірі шықпайсың деді": Ангелина Лукас өзіне көрсетілген қысым туралы айтты

"Жеңсең, тірі шықпайсың деді": Ангелина Лукас өзіне көрсетілген қысым туралы айтты

фото: Instagram angelina_lukas1997. Суретте: Ангелина Лукас

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас үшін соңғы кездесу кәсіби мансабындағы ең маңызды сәттердің бірі болды. 2023 жылы ол күтпеген жерден чилилік спортшы Даниела Асенходан жеңіліп, бұл жеңіліс қазақстандық жанкүйерлер үшін де, Лукас үшін де ауыр тиген еді. Жекпе-жекке дейін сарапшылар мен спорт сүйер қауымның көпшілігі Лукас жеңеді деп болжаған. Алайда сол жолы бәрі басқаша өрбіді. Бұл жағдай Ангелинаны жаңа мақсаттарға жетеледі, әрі ол өзін дәлелдеу үшін реванш талап етті.

Арада біраз уақыт өткен соң, көптен күткен қарымта кездесу де келіп жетті. Бұл жолы жекпе-жек Қазақстанда өтті. Өз елінде, өз жанкүйерлерінің алдында өнер көрсету Лукас үшін үлкен мотивация болды. Ол бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, қарсыласынан басым түсті. Нәтижесінде, IBO тұжырымы бойынша екінші жеңіл салмақтағы әлем чемпионы атағын қорғап қалды. Бұл – Ангелина үшін тек спорттық жеңіс емес, рухани жеңіс те болды. Ол өзіне және жанкүйерлеріне уәде еткен нәтижеге қол жеткізді.

Жекпе-жектен кейін журналистерге сұхбат берген Лукас:

«Мен бұл жеңісті халқыма арнаймын. Өткен жолғы жеңіліс мен үшін үлкен сабақ болды. Қанша ауыр болса да, дайындалып, қайта оралу – менің парызым еді. Асенхо мықты қарсылас, бірақ бұл жолы мен толық дайын болдым. Қандай да бір қысым туралы айтылып жатқан сөздермен мүлде келіспеймін. Бәрі әділ өтті», – деді.

Алайда бұл жетістік тек қуанышпен емес, даулы пікірлермен де қатар келді. Жекпе-жектен кейін Асенхо мен оның бапкері Алехандро Конча өз елінде мәлімдеме жасап, Қазақстанда әділетсіздік орын алғанын, қысым көрсетілгенін және тіпті қорқыту болғанын ашық айтты. Олар Ангелинаның командасын айыптап, кездесудің тағдыры алдын ала шешілген деген пікір айтты. Бапкердің айтуынша, промоутер Тариел Джафаров қонақ үйге келіп, оларды психологиялық тұрғыда үрейлендіріп, ақша ұсынған. Тіпті "жеңсеңдер – тірі қалмайсыңдар" деген сөздер айтылған көрінеді.

Сонымен қатар, олар жекпе-жекке дейінгі жолдың ұзақтығын (50 сағат) және өзбек аумағы арқылы айналып өтуді әдейі ұйымдастырылған кедергілер деп есептейді. Бапкер Кончаның сөзіне сенсек, Асенхо кездесуді толығымен өткізуге ниетті болмаған. Олар елге аман оралсақ болды деп ойлаған. Сөйтіп, алтыншы раундтан кейін жалған жарақатқа сілтеме жасап, кездесуден бас тартқан.

Халықаралық бокс ұйымы (IBO) бұл даулы жағдайды реттеу үшін үшінші кездесу өткізуге ұсыныс білдірді. Алайда чилилік тарап бұл ұсыныстан бірден бас тартып, енді бұл тараппен еш байланыс орнатқысы келмейтінін мәлімдеді.