Үш бірдей дзюдошымыз әлемдік рейтингте үздіктер қатарына жайғасты

Үш бірдей дзюдошымыз әлемдік рейтингте үздіктер қатарына жайғасты

фото: Michael Reaves/Getty Images. Суретте: Ғұсман Қырғызбаев

Будапештте (Венгрия) өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатынан кейін Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) жаңартылған рейтингін жариялады. Бұл туралы Sportinside.kz хабарлайды.

Әбиба Әбужақынова (48 кг) – әйелдер арасында Қазақстан тарихында алғаш рет әлем чемпионатының финалына шығып, күміс жүлде еншілеген спортшы. Осы жетістігінің арқасында ол екі саты жоғарылап, 5662 ұпаймен әлемдік рейтингте екінші орынға жайғасты.

Елдос Сметов – Олимпиада чемпионы және әлем чемпионы. Биыл татамиге шықпаса да, ол ерлер арасындағы 60 кг салмақта 9-орынды сақтап қалды.

Ғұсман Қырғызбаев – Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының күміс медалисі. Ол соңғы әлем чемпионатындағы сәтті өнер көрсетуінің арқасында бірден жеті сатыға көтеріліп, әлемнің үздік 10 дзюдошысы қатарына енді.

Айта кетейік, биыл 20 маусымда Будапештте өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тарихта алғаш рет әйелдер арасында күміс медаль жеңіп, жалпыкомандалық есепте 11-орынға ие болды.