фото: instagram.com/satzhan_kairat. Суретте: Қайрат Сәтжанов
Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Өзбекстан боксшыларының Астанада өтетін Әлем кубогіне қатыспайтыны туралы пікір білдіріп, бұл жағдайдың боларын алдын ала сезгенін де жасырмады. Бұл туралы Sportinside.kz тілшісі YouTube-тегі «Спорт Министрі» арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол өзбек боксшыларының келмеуін үлкен өкініш деп бағалады. Бас бапкердің айтуынша, егер дәл осы дода Өзбекстанда өтетін болса, Қазақстан екі құраманы да апаруға әзір тұрар еді.
«Егер Әлем кубогінің екінші кезеңі Өзбекстанда өтсе, біз міндетті түрде баратын едік. Тіпті екі құраманы апаруға рұқсат та алар едік. Жігіттер де «Олардың келмейтіні өкінішті» деп уайымдап жүр», – деді ол.
Сәтжанов жанкүйерлердің де бұл кездесуді асыға күткенін атап өтті. Оның пікірінше, боксшылар нағыз күш сынасып, әділ бәсекеде өз мықтылығын дәлелдейтін еді.
«Көрермен мен халықтың алдында айқас ұйымдастырған жақсы болар еді. Сонда кімнің шын, кімнің жалған екені бәріне анық көрінер еді. Жанкүйерлер боксшылардың деңгейін, кімге жеңіс берілмегенін өз көздерімен көрер еді. Егер олар келгенде, жақсы болар еді», – деп ойын түйіндеді бас бапкер.