"Наркенженің аузы жаман ба, әлде төрге шыққандардың аяғы лас па?" – журналист шындық іздеді

"Наркенженің аузы жаман ба, әлде төрге шыққандардың аяғы лас па?" – журналист шындық іздеді

фото: SN.kz. Суретте: Наркенже Серікбаева

Түркістандық белгілі журналист Мақсұт Айтжанов әнші Наркенже Серікбаеваға қатысты қоғамда үлкен резонанс тудырған оқиғаға байланысты пікір білдіріп, оны оңтүстік өңірдің мәдениетіне күйе жақты деп сынға алды.

Журналистің айтуынша, бұл дау жай ғана жеке тұлғалар арасындағы келіспеушілік емес, тұтас бір өңірдің абыройына нұқсан келтіретін деңгейде болды. Ол әншінің де, филармония басшысының да мәлімдемелеріне жауап берулері керек деп санайды.

"Аяғы жаман төрді, аузы жаман елді былғайды. Сонымен Наркенженің аузы жаман ба, жоқ төрге шыққандардың аяғы лас па!? Не болса да іс жылы жабылып, төр мен елді былғағандар жазасыз қалмауы керек", – дейді Айтжанов.

Бұған дейін әнші Наркенже Серікбаева филармония басшысы Ғалымжан Ерназаровты өзін қоғам алдында қорламақ болды деп айыптап, әлеуметтік желіде мәлімдеме жасаған еді. Оған жауап ретінде филармония басшысы өзіне жала жабылғанын айтып, сотқа арыз түсіргенін мәлімдеген.

Алайда көп ұзамай екі тарап бір-бірінен кешірім сұрап, дау татуласпен аяқталғанын мәлімдеді. Бұл шешім кей азаматтардың ашу-ызасын туғызды. Журналист Айтжанов та бұл мәселеде заң шеңберінде жауапкершілік болуы тиіс екенін алға тартты.

"Әркім айтқан сөзіне жауап беруі керек. Егер әнші дәлелдей алмаса, көпшілік алдында кешірім сұрап, мәдениетке кір келтіргені үшін жауапты болуы тиіс. Сол сияқты филармония басшысы да ақ екенін сот арқылы дәлелдеуі қажет", – деп түйіндеді журналист.