фото: instagram.com/narkenjeserikbaeva
Жақында қоғамда қызу талқыланған мәдени дау төңірегінде танымал журналист Мақсұт Айтжанов әнші Наркенже Серікбаеваға қатысты сыни пікір білдірді. Ол әншінің әлеуметтік желілерде жариялаған дәлелсіз мәлімдемесі Түркістан өңірінің мәдени имиджіне көлеңке түсірді деп санайды, деп Sportinside.kz тілшісі Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
«Аяғы жаман төрді, аузы жаман елді былғайды», – деп бастаған журналист:
«Наркенженің аузы жаман ба, жоқ төрге шыққандардың аяғы лас па!? Не болса да, бұл іс жылы жабылып, жазасыз қалмауы тиіс. Себебі, оның бір ғана мәлімдемесі күллі оңтүстіктің мәдениетіне қара күйе жақты», – деді.
Айта кетейік, бұған дейін Наркенже Серікбаева Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония басшысы Ғалымжан Ерназаров тарапынан өзін «иіскеді» деп мәлімдеген болатын. Бұл жағдай әлеуметтік желіде кеңінен таралып, қоғамның назарына ілікті. Артынша филармония басшысы заң аясында мәселенің шешілетінін айтып, сотқа арызданғанын хабарлады.
Алайда көп ұзамай қос тарап татуласып, видео арқылы бір-бірінен кешірім сұрап, істі жылы жапқандары туралы хабарлады. Бұл жағдайға қатысты журналист:
«Сонда сендер кімсіңдер? Не «псих», не «бақша жасындағы бала» болдыңдар ма? Заңды білетін адамдарсыңдар ғой. Айтқандарыңа жауап берулерің керек. Егер Наркенже дәлел келтіре алмаса, ол тұтас өңірдің мәдениетіне нұқсан келтіргені үшін кешірім сұрауы тиіс. Ал филармония басшысы кінәсіз екенін дәлелдей алмаса, орнын босатуы керек», – деді Мақсұт Айтжанов.
Оның пікірінше, мұндай даулар әділетпен аяқталып, көпшілікке сабақ болуы тиіс.
«Жай ғана татуласып, «бәрі жақсы» деп жылы жауып қою – мәдениет саласына, қоғамға, әсіресе жастар тәрбиесіне кері әсерін тигізеді», – дейді ол.