"Бір-бірімізден кешірім сұрадық": Наркенже Серікбаева мен филармония басшысы татуласты

"Бір-бірімізден кешірім сұрадық": Наркенже Серікбаева мен филармония басшысы татуласты

фото: SN.kz. Суретте: Ғалымжан Ерназаров пен Наркенже Серікбаева

Әнші Наркенже Серікбаева мен Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының директоры Ғалымжан Ерназаров арасындағы келіспеушілік бейбіт жолмен шешілді. Тараптар арнайы комиссия алдында бір-бірінен кешірім сұрап, өзара түсіністікке келгендерін мәлімдеді.

"Армысыздар, Қазақ елі!" – деп сөзін бастаған Наркенже Серікбаева әлеуметтік желі арқылы өзіне қолдау білдірген жұртқа алғыс айтты. "Бүгін мекемеге келіп, арнайы әкімшіліктен комиссия құрылып, Ғалымжан Ерназаров екеуміз бір-бірімізді түсіністік. Бір-бірімізден кешірім сұрадық", – деді ол.

Ал филармония басшысы Ғалымжан Ерназаров та бұл мәселе бойынша құрылған комиссия екі тараптың талап-арызын қарап, тиісті шешім шығарғанын жеткізді.

"Кешеден бері резонанс тудырған жағдай үшін кешірім сұраймыз. Мұндай ішкі мәселелер елге жария болмауы керек еді. Алайда жағдай жария болған соң, облыстық мәдениет басқармасы мен әкімдік комиссиясы араласты. Қазіргі таңда екі жақтың да талабы ескеріліп, келіспеушілік жойылды", – деді Ерназаров.