фото: Әлеуметтік желіден. Суретте: Ғалымжан Ерназаров пен Наркенже Серікбаева
Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармонияның директоры Ғалымжан Ерназаров әнші Наркенже Серікбаеваның әлеуметтік желіде жариялаған сыни мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Sportinside.kz хабарлайды.
Филармонияның ресми парақшасында жарияланған видеоүндеуде Ерназаров өзіне тағылған айыптауларды жоққа шығарды.
«Мен – отбасылы азаматпын, анам бар. Маған және отбасымның атына қара күйе жағылуда. Бұл мәселеде мені де заң қорғайды деп ойлаймын. Сотқа шағымдандым. Соттың шешімін күтейік. Содан кейін барлығын әлеуметтік желілерде жариялаймыз», – деді ол.
Сондай-ақ, Ерназаров әншінің «жұмыстан қудалап жатыр» деген сөзімен келіспейтінін айтты.
«Сіздер оның парақшасынан көріп отырсыздар, бір күні Жезқазғанда, бір күні Қызылордада тойда жүреді. Ол мүлде жұмысқа келмейді. Біздің қателігіміз – жұмыста болмағаны үшін қызметінен босату керек болғанда да жанашырлық танытқанымыз», – дейді ол.
Филармония басшысы Наркенженің оның кәсіби біліктілігіне қатысты айтқан сынына да тоқталды:
«Мамандығым сәйкес болғандықтан және өнерге жанашыр болған соң бұл қызметті атқарып жүрмін. Шетелге іссапарлар ресми негізде өтеді: елші хаты, басқарманың рұқсаты болады. Бұл — қаражатты босқа шашу емес», – деді Ерназаров.