Танымал әнші, бірнеше республикалық және халықаралық терме байқауларының лауреаты Наркенже Серікбаева Түркістан облыстық филармониясында қызмет барысында кездескен қорлық пен әділетсіздік жайлы ашық мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Instagram парақшасында өнер иесі өзі қызмет ететін Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармонияның басшылығы тарапынан қысым көріп жүргенін ашына жазды. Оның айтуынша, басшылық оны жеке мақсатына пайдаланбақ болған, ал қарсы шыққан сәттен бастап сахнадан шеттетіп, киіміне дейін сылтауратқан.
"Мені ашындырып, осындай жағдайға жеткізді. Филармония басшысы Ғ. мырза тарапынан қаншама қысым болды. «Киімің жоқ» деген желеумен концерттен алып тастады. Ұят болса да айтам: «Мен сені иіскеуім керек» дегендей сөздерге де тап болдым. Мұндай қорлыққа көнбегенім үшін шеттету әрекеттері күшейді", – дейді Серікбаева.
Әкімдікке үндеу
Наркенже Серікбаева өз үндеуінде Түркістан облысының әкіміне де жүгінді. Ол тек өзінің емес, филармониядағы басқа да қыз-келіншектердің басынан өтіп жатқан осындай оқиғаларды айтып, жоғары жақтан тексеру жүргізуді сұрады.
"Жалғыз мен ғана емес, филармонияда қаншама қыз-келіншек осындай басшылардың астында жапа шегіп жатыр. Бұл мәселе бір менің ғана жанайқайым емес. Бұрын мұндай әділетсіздік болмаған еді. Енді үнсіз қалмаймын", – деді ол.