фото: Видеодан скриншот
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Нұрлан Өнербаев қазақ отбасыларының тіл мәселесіне немқұрайлы қарауы туралы өз ойын айтты, деп Sportinside.kz тілшісі Sadaq.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
«QASQA JOL» подкастына берген сұхбатында ол қазақ өнеріндегі жетістіктер мен проблемаларды сөз етіп, мемлекеттік тілдің болашағына алаңдайтынын жасырмады.
«Еліміз егемендігін алғалы бері, көк туымыз желбірегенімен, ана тіліміз әлі де өз тұғырына қона алмай келеді. Қазақ өнерінің шынайы көрінісі – ол өз тілімізде сөйленген сөз, айтылған ән. Ал егер тіліміз бұлай елеусіз қала берсе, ертең қазақ тіліндегі өнер кімге керек болады? Мен жүрген жерімде ана тілімізді насихаттап жүремін», – деді әнші.
Сондай-ақ, ол көшеде өз балаларымен орысша сөйлесетін ата-аналарды жиі байқайтынын айтып, бұл жағдайдың оны қынжылтатынын жеткізді.
«Қазақ бола тұра, өз баласымен бөтен тілде сөйлесу – өте сорақы көрініс. Бұл – ана тілін менсінбеу ғана емес, сонымен қатар ата-баба рухына, ұлтқа деген құрметсіздік. Мұндай жағдайларға бұрын ескерту айтып көргенмін, алайда жұрттың агрессиясы мен қарсылығынан кейін үнсіз қалуға тура келді», – дейді Өнербаев.