фото: Chris Unger/Zuffa LLC. Суретте: Джон Джонс
UFC президенті Дана Уайт Джон Джонстың кәсіби мансабын аяқтауы мен оған тағылған қылмыстық айыптауларға байланысты жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Дана Уайттың айтуынша, Джон Джонстың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған сәттен-ақ жұртшылық бұл жағдайды оның спорттан кетуімен байланыстырады деп білген.
"Көп адам бұл жағдай мансабын аяқтауға себеп болды деп ойлайды. Бірақ мен мұны нақты айта алмаймын. Бұл сұрақты Джонның өзінен сұрау керек", – деді Дана Уайт.
UFC басшысы Джон Джонспен жекпе-жек өткізу туралы келісім болғанын, тіпті бұл кездесудің болатынына өзі кепілдік бергенін айтты. Алайда күтпеген жерден Джонс бұл келісімнен бас тартқан.
"Біз оған Том Аспиналмен жекпе-жек үшін үлкен гонорар ұсындық. Мен бұл қаражатқа оның лайық екеніне сенімді болдым. Бірақ ол кенеттен UFC-дегі мансабын аяқтап, ауыр салмақтағы чемпиондық белбеуден бас тартты", – дейді Уайт.
Айта кетейік, Джон Джонстың мансабын аяқтағаны туралы хабармен қатар оның жол-көлік оқиғасынан кейін оқиға орнын тастап кеткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқаны белгілі болды. Fight Time басылымының мәліметінше, бұл іс бойынша кепіл мәселесі 24 маусымда қаралады.