«Ақша үшін кеттім»: Ресейде туған Бублик неліктен азаматтығын ауыстырғанын айтты (видео)

«Ақша үшін кеттім»: Ресейде туған Бублик неліктен азаматтығын ауыстырғанын айтты (видео)

фото: Clive Brunskill/Getty Images. Суретте: Александр Бублик

Ресейлік теннисші Александр Бублик не себепті азаматтығын ауыстырып, Қазақстан атынан өнер көрсете бастағанын ашық айтқан болатын. Вита Кравченкоға берген сұхбатында спортшы басты себеп – қаржылық жағдай екенін мойындады. Оның сөзінше, Ресейде қажетті қолдау болмаған, ал Қазақстан дер кезінде көмек қолын созып, оның мүмкіндігін бағалай білген, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Барлығы қалай басталды

Бублик Ресейдің Гатчина қаласында дүниеге келген. 19 жасқа дейін Ресейдің атынан, тек жасөспірімдер құрамасында ғана ойнады. Бірде Мәскеудегі челленджер турнирінде ол әлемнің үздік 50 теннисшісінің бірі Раду Алботты жеңіп, сол сәт тағдырын өзгерткен кездесуге себеп болды.

«Ойыннан кейін Миша Кукушкиннің жары Настя маған келіп: «Қаржылық жағдайың қалай?» деп сұрады. Мен:«Онша емес...» дедім. Сол жерде ол Қазақстан атынан ойнауға қалай қарайтынымды сұрады. Көп ұзамай маған қоңырау шалды, келіссөздер басталды. Жылдам келісіп, құжаттарды рәсімдеп, Қазақстан паспортын алдым», – дейді Бублик.

Қаржы – шешуші фактор

Спортшы бұл шешімді ақша үшін қабылдағанын ашып айтты. Себебі кәсіби теннисшінің бір жылына 200-250 мың доллар қажет, ал Ресей теннис федерациясы бұл соманы қамтамасыз ете алмады.

«Қолма-қол ақша алған жоқпын. Кейде билет төлеп беретін, анда-санда wild card беретін. Бірақ бұл жеткіліксіз еді», – дейді ол.

Ол Ресейде тек белгілі спортшыларға ғана ақша бөлінетінін айтады. Ал Елена Рыбакинаның мысалы – талантты спортшылардың бағаланбай қалғанының дәлелі. Қазір Рыбакина – Уимблдон чемпионы, бірақ кезінде Ресей оның мүмкіндігін пайдалана алмаған.

Неліктен Қазақстанды таңдады?

«Қазақстан талантымды көре білді. Бұл бірінші рет емес. Лена Рыбакина – осы саясаттың жемісі. Олар спортшыларға сеніп, қолдау көрсетті. Бұл қолдауының арқасында Рыбакина Уимблдонды жеңді. Сондай-ақ бұл оның соңғы жеңісі емес!» – деді Бублик.

Бублик Қазақстанға тек Олимпиадаға қатысу үшін немесе саяси себеппен келмегенін айтты. Ол бұл елге жұмысшы ретінде келді, ал кейіннен қазақ халқымен, командаластарымен эмоционалды байланыс орнағанын мойындады.

Сын мен патриотизм

Азаматтығын ауыстырғанына қарамастан, Бубликті ешкім «сатқын» деп айыптамаған. Оның пікірінше, сатқындық – бұл саяси ұғым, ал оның таңдауы – тек кәсіби шешім.

«Егер Қазақстанға ауыспасам, мансабым тоқтап қалмас еді. Бірақ мен ақша үшін кеттім. Болашағыма сеніммен қарау үшін осы жолды таңдадым», – дейді ол.

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызғ жазылып, спорт жаңалықтарынан хабардар болып отырыңыз:

🔹 Instagram 
🔹 TikTok 
🔹 Threads 
🔹 Facebook 
🔹 Telegram