"Димаштың әні – татуировка жасауға үндеу": танымал ақын әншіні сынның астына алды

"Димаштың әні – татуировка жасауға үндеу": танымал ақын әншіні сынның астына алды

Ақын әрі мәдениеттанушы Салтанат Қайырбек танымал әнші Димаш Құдайбергеннің жуырда жарық көрген «Тау ішінде» атты әніне түсірілген бейнебаяны туралы пікір білдірді. Бұл туралы Sportinside.kz тілшісі Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Салтанат Қайырбек өз ойын Facebook желісіндегі парақшасында жария еткен. Ол бейнебаянның көркемдік шешіміне қатысты сыни көзқарасын білдіріп, бұл туынды ұлттық музыкалық мұраны жеткізуде әлсіздік танытқанын атап өтті.

«Димаштың «Тау ішінде» бейнебаяны (8 минуттық) татуировка жасауға үндеу, рок-эстетикасы мен замандық клишелерден басталады – бұл көркемдік шешім көрерменнің назарын тарихтан гөрі берірек, клиптік қабылдау деңгейіне ауыстырып жібереді», – дейді ол.

Ақын белгілі мәдениеттанушы Александр Генистің мына сөзін мысалға келтірді:

«Көркем бейне мәтінмен үндеспесе, мағына «қосарлана» алмайды. Онда тек эффект қалады, мән жоғалады».

Салтанат Қайырбек Димаштың бейнебаянында ұлттық кодты танытатын негізгі белгілердің жеткіліксіздігін де сынға алды:

«Бейнебаянда кемі «ақбоз ат» пен «сүмбіл шаш» болмаған соң, «Димашты көре алмайсың» дегеннен гөрі, «оның бейнебаянында болуы тиіс маңызды атрибуттарды көріпсің» деген абзал», – деп жазды ақын.

Сөз соңында ол клиптің визуалды жағынан қызықты болғанымен, оны ұлттық музыкалық мұраны жеткізудің сәтті үлгісі ретінде қарастыруға болмайтынын ашық айтты:

«Бейнебаян көркем өнім ретінде қызықты болуы мүмкін, бірақ ұлттық музыкалық мұраны интерпретациялау үлгісі ретінде қабылдауға келмейді».