№17 Легенда: Кеңес хоккейінің аңызы жайлы фильмнің мазмұны

№17 Легенда: Кеңес хоккейінің аңызы жайлы фильмнің мазмұны

фото: Фото ашық дереккөзден

«№17 Легенда» көркем фильмі – кеңес хоккейінің шоқтығы биік тұлғасы Валерий Харламовтың өмір жолына негізделген туынды. Фильм атақты спортшының балалық шағынан бастап, үлкен ареналардағы жарқын жеңістеріне дейінгі тартысқа толы тағдырын баяндайды.

Балалық шақтан батырлыққа дейін

Фильм 1956 жылғы Испаниядағы әсерлі естеліктермен басталады. Бұл – Харламовтың анасының туған жері. Бұқалар жүгіретін көшелердегі көріністер бала Валерийдің жадына мәңгілік жатталып қалады. Оқиға одан әрі 1967 жылғы Мәскеуге ауысады. Мұнда жас хоккейші Харламов аты аңызға айналған бапкер Анатолий Тарасовпен танысып, достарының бірі Александр Гусевпен бірге Челябинск облысындағы Чебаркүл қаласына жіберіледі. Олар мұнда төменгі лигадағы «Звезда» клубының намысын қорғайды.

Көп қиындықты жеңіп, нәтижелі ойын көрсеткен Валерий маусым соңында Мәскеуге қайта оралып, Тарасовтың ұсынысымен ЦСКА-ға қосылады. Алайда жаттықтырушы алғашында оның мінезін, шыдамдылығын сынап, хоккейге толықтай беріле алатынын дәлелдеуін талап етеді.

Кеңес құрамасының көшбасшысына айналуы

Харламов Тарасовтың барлық сынақтарынан өтіп, біртіндеп ЦСКА мен КСРО құрамасының жетекші шабуылшысына айналады. Тарасов Михайлов–Петров–Харламов шабуыл үштігін құрып, бұл трио кеңес хоккейінің символына айналады.

Бірақ Тарасовтың жетістігі бәріне бірдей ұнай қоймайды. ЦК КПСС-тің хоккей кураторы Балашов – кезінде оның ұлын командадан шеттеткен жаттықтырушыға кек сақтап жүрген адам. Ол Харламовты Тарасовқа қарсы қоюға тырысады. Дегенмен, Валерий өзінің ұстазына опасыздық жасаудан бас тартады.

Жарақат, махаббат және тарихи шайқас

Фильмде Харламов пен Ирина Смирнованың арасындағы махаббат желісі де қатар өрбиді. Ол сүйіктісінің әрбір қиын сәтінде қолдау көрсетіп, рухани сүйеніш бола біледі.

СССР мен «Спартак» арасындағы жанжалдан кейін Тарасов командадан алаңға рұқсатсыз кеткені үшін шеттетіледі. Осы оқиғадан соң, Харламов жол апатына түсіп, аяғынан ауыр жарақат алады. Бұл эпизод фильмде шынайы оқиғадан төрт жыл ерте көрсетіледі. Дегенмен, Харламов табандылық танытып, аяғын қайта жаттықтыра бастайды. Жаңа бапкер Всеволод Бобров оны Канадамен тарихи матчқа шығатын ұлттық құраманың сапына қосады.

Канададағы шайқас – 1972

Кеңес құрамасы Монреальға келеді. Канадалықтар өз жеңісіне сенімді. Пресс-конференциялар мен карикатуралар арқылы қарсыластарын мазақ етеді. 2 қыркүйек 1972 жылы өткен алғашқы матчта Канада есепті тез ашады. Алты минутта олар 2:0 есебімен алға шығады. Бірақ кеңес құрамасы тез ес жиып, есепті теңестіреді. Харламов есепті 3:2-ге жеткізіп, көрермендерді таңғалдырады.

Ойын арасында канадалық жаттықтырушы өз ойыншыларын арандатуға итермелейді. Бобби Кларк Харламовтың жаралы аяғына әдейі соққы жасап, оны алаңнан кетіруге тырысады. Алайда Валерий ауырсынуға қарамастан, ойынды жалғастырады. Матч соңында ол шайбамен қақпаға қарай ұмтылып, құлаған сәтінде нәтижелі пас береді. Кеңес құрамасы 7:3 есебімен жеңіске жетеді. Матч соңында канадалық жұлдыз Фил Эспозито Харламовтың шеберлігіне бас иеді.

Қорытынды

Фильм Тарасовтың қашықтан шәкіртін сезініп, қолдап отырғанын әсерлі жеткізеді. Сонымен қатар, Харламовқа елестейтін коррида сахнасы оның ішкі күресін көркем көрсетеді.

«№17 Легенда» – бұл тек спорт жайлы емес, табандылық, адалдық, ұстазға деген құрмет пен ел намысын бәрінен биік қойған ерлік жайлы фильм.