УЕФА Чемпиондар лигасы: тарихы, форматы, рекордтары және соңғы жеңімпаз

УЕФА Чемпиондар лигасы: тарихы, форматы, рекордтары және соңғы жеңімпаз

фото: instagram.com/psg. Суретте: ПСЖ футбол клубы

УЕФА Чемпиондар Лигасы (ағыл. UEFA Champions League) – Еуропаның жоғарғы дивизион клубтары арасында УЕФА ұйымдастыратын жыл сайынғы халықаралық футбол турнирі. Бұл –Еуропадағы ең беделді клубтық жарыс. Алғаш рет турнир 1955/56 маусымында өтті және 1991/92 маусымына дейін "Еуропа чемпиондарының кубогы" (ағыл. European Champion Clubs' Cup) деп аталды. 1992 жылдан бастап турнирдің форматы мен атауы өзгеріп, қазіргі Чемпиондар Лигасы атауын алды.

Турнир тарихы

Кубок француз журналисі Габриэль Аноның бастамасымен құрылған. Аноның ұсынысы бойынша Еуропаның ең мықты клубын анықтау үшін арнайы турнир өткізу керектігі айтылып, 1955 жылы алғашқы Кубок өтті. Бастапқыда турнирге тек ұлттық чемпиондар және алдыңғы жылғы жеңімпаз қатысты. 1992 жылдан бастап турнирге топтық кезең енгізілді, кейінгі жылдары формат бірнеше рет өзгертіліп, бірнеше іріктеу кезеңдері пайда болды.

Квалификация және қатысу ережелері

УЕФА-ның коэффициенттік рейтингіне сәйкес әр елдің клубтарына берілетін жолдамалар саны анықталады:

  • 1–4 орын алған елдер: 4 команда,
  • 5–6 орын: 3 команда,
  • 7–15 орын: 2 команда,
  • 16 орыннан төмен: 1 команда.

Турнирге қатысу үшін клубтар ұлттық федерацияның лицензиясын иемденіп, УЕФА талаптарына сай инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі керек.

Турнир кезеңдері

Турнир бес іріктеу раундымен басталып, одан соң топтық кезеңге ұласады. Әр топта 4 командадан 8 топ құрылады. Екі айналымнан кейін алғашқы екі орын алған клубтар плей-офф кезеңіне өтеді, үшінші орын иегерлері Еуропа Лигасына барады.

Плей-офф кезеңдері:

  • 1/8 финал: елдес клубтар және бір топтағы клубтар бір-бірімен кездеспейді.
  • 1/4, 1/2 финал: жеребе еркін негізде өтеді.
  • Финал: бір матч, алдын ала белгіленген нейтралды стадионда өтеді.

Қаржылық төлемдер (2020/21 маусымы негізінде):

  • Топтық кезеңге қатысу: €15 250 000
  • Топтық кезеңдегі жеңіс: €2 700 000
  • Тең нәтиже: €900 000
  • 1/8 финал: €9 500 000
  • 1/4 финал: €10 500 000
  • Жартылай финал: €12 000 000
  • Финалда жеңілген клуб: €15 000 000
  • Чемпион: €19 000 000

Трофей және белгілер

Чемпион клуб трофейді 10 айға иемденіп, мәңгілік сақтау үшін арнайы талаптарға сай келуі керек (5 рет жеңіске жету немесе қатарынан 3 рет жеңу). 2009 жылдан бастап түпнұсқа трофей УЕФА-да сақталады, ал жеңімпаз клубқа толық өлшемді көшірме табысталады. "Құлақты кубок" аталып кеткен трофейдің биіктігі – 62 см, салмағы – 7,5 кг.

Чемпиондар және рекордтар

Турнир тарихында 23 клуб жеңімпаз атанған, олардың 12-сі бірден артық мәрте жеңіске жеткен. Ең көп жеңіске жеткен клуб – Реал Мадрид (15 рет).

Ең көп жеңіске жеткен клубтар:

  • Реал Мадрид (Испания) – 15 жеңіс
  • Милан (Италия) – 7
  • Бавария Мюнхен (Германия) – 6
  • Ливерпуль (Англия) – 6
  • Барселона (Испания) – 5

Соңғы жеңімпаз

Пари Сен-Жермен (Франция) 2024/25 маусымында Чемпиондар Лигасын алғаш рет жеңіп алды.