Белгілі продюсер Баян Мақсатқызы өзінің бұрынғы күйеуі Бақытбек Есентаевпен арада болған қиын кезеңдерді еске алып, отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесін қозғады. Бұл туралы Sportinisde.kz тілшісі Azattyq Rýhy порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Баян Мақсатқызы алғашқы күйеуінен көрген қысым туралы ашық айтып, «бір рет қол көтеру – қайта қайталанатын зорлық-зомбылықтың басы» екенін ескертті.
«Алғаш рет қол көтергенде, мен киімімді жинап, ата-анамның үйіне кетіп қалдым. Әкем мен анам ештеңе сұрамады, үндемей қабылдады. Ең бастысы – ешкім маған «шыда» деп айтқан жоқ», – деді продюсер.
Ол «шыда» деген сөзді қазақ қоғамындағы қалыптасқан таптаурын ұстанымның бірі ретінде сынға алды.
«Бұл – менің ең жек көретін сөзім. Шыда дейді. Неге қыз шыдау керек? Неге ол зорлыққа көнуі тиіс?» – деп ашына сөйледі Баян Мақсатқызы.
Сондай-ақ продюсер анасынан естіген ақылдың өз өмірінде үлкен рөл атқарғанын айтты:
«Анам айтатын – ер адам бір рет қол көтерсе, екінші рет те, үшінші рет те соны қайталайды. Сол үшін мен кешірмедім, кетіп қалдым».