Белгілі композитор әрі әнші Ұлықпан Жолдасов қазіргі жас орындаушылардың шығармашылығына қатысты өз пікірін білдіріп, қатаң сын айтты. Ол жас әншілердің ән мәтініне аса мән бермейтінін айтып, бірқатар мысал келтірді, деп Sportinside.kz тілшісі Azattyq Rýhy порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Жолдасов әсіресе жастардың ән айту мәнері мен мәтін мағынасының төмендеп кеткеніне қынжылады.
«Жүйкем шыдамайды. Тыңдап отырған құлаққабымды лақтырып жіберемін. «Таңертең мас күйде, отырдым таксиге, анам мені күтеді ас үйде» дейді. Бұл не деген сөздер? Біреулер тіпті боқтап та айтады. Осы арқылы танымал боламыз деп ойлай ма? Ән де, өнер де сайқымазаққа айналды. Тыңдайтын дүние қалмады», – деді ол.
Әнші бұл сөздер арқылы белгілі жас әнші Sadraddin орындайтын «Такси» әнін меңзеп отырғаны анық байқалады.
Сонымен қатар композитор жастардың дауыстық техникасына да тоқталды:
«Жақсы әндер де бар. Бірақ кейбір орындаушылар сөзді шайнап айтады. Таза, анық айту деген ұмытылып барады», – дейді Ұлықпан Жолдасов.