"Адам өмірінде не боларын ешкім болжай алмайды. Тағдырдың тосын бұрылыстары кейде ақылға қонымсыз шешімдерге алып келеді. Мен де өз басымнан өткенді біреу күлкі етер деп ойлаймын. Бірақ шынымды айтсам, бұрынғы күйеуімнің көңілдесі болып жүргенімді мойындаудан қашпаймын", – деп ағынан жарылды Алматы тұрғыны А есімді келіншек Newsroom+ тілшісіне берген әңгімесінде.
Оның айтуынша, өзі мен бұрынғы жары Мақсат екеуі бір-біріне қатты ұқсас болған.
"Ол не ойлап тұрғанын көзқарасынан бірден ұғатынмын. Ол да менің көңіл-күйімді айтқызбай-ақ сезетін. Махаббатымыз берік, мәңгілік секілді көрінетін. Армандарымыз ортақ еді. Бірақ тағдыр бізді қосуға асықпапты. Қатты ұрыспай-ақ, тыныш ажырасып, әрқайсымыз өз жолымызбен кеттік. Ол кейін үйленді. Мен болсам, сол махаббатпен жалғыз қалдым," – дейді кейіпкер.
Арада бес жыл өтсе де, сезім суымаған. Кездейсоқ жолыққан кезде баяғы махаббат қайта оянып, олардың арасы қайтадан жақындай түскен.
"Бәлкім, ол кездесуді болдырмау керек пе еді деп те ойлаймын. Бірақ дәл сол сәт бәрін өзгертті. Екеуміздің арамыз одан сайын жақындап кетті. Ол – үйлі-баранды, үш баласы бар азамат. Ал мен әлі жалғызбын. Енді, шындығын айтсам, күн сайын оны көрмесем тұра алмайтын халге жеттім," – дейді А.
Осылайша, кейіпкеріміз байқамай бұрынғы күйеуіне көңілдес болып кеткенін түсінген.
"Мен үшін бұл оңай емес. Бірақ жүрекке әмір жүрмейді екен. Өзім де, ол да отбасылық шеңберден аттадық. Қазір не істерімді білмей далмын," – дейді ол.