Жігіттер де жылайды: еркектер эмоциясына сыртқа шығармаса, олар үмітсіздікке тап болады

Жігіттер де жылайды: еркектер эмоциясына сыртқа шығармаса, олар үмітсіздікке тап болады

фото: ЖИ/aqshamnews.kz

Ерлердің психологиялық денсаулығына арналған арнайы ай – маусым. Бұл бастама алғаш рет 1994 жылы АҚШ-та қолға алынып, кейіннен әлемнің өзге елдеріне де таралды. Негізгі мақсаты – ер азаматтардың психологиялық күйін назардан тыс қалдырмай, олардың ішкі әлеміне үңілу, қоғамда ер адамдар да психологиялық көмекке мұқтаж екенін мойындату.

Aqshamnews.kz тілшісі осы тақырып аясында психолог, гештальт-терапевт Ұлмекен Сәндібекқызымен сұхбаттасып, ер адамдардың психологиялық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Неліктен дәл маусым айы?

Психологтың айтуынша, бұл бастаманың негізі – алаңдатарлық статистикаға негізделген. Әсіресе, ерлер арасындағы суицид деңгейінің жоғары болуы алаңдаушылық туғызған.

"Ерлер әйелдерге қарағанда өз-өзіне 3-4 есе жиі қол жұмсайды. Олардың агрессияға бейімділігі, ішкі күйзелісін жасыруы мен оқшаулануға бейім мінезі – бұл мәселеге тереңірек назар аударуға мәжбүр етті", – дейді Ұлмекен Сәндібекқызы.

Маусым айының символы – көк түс. Бұл – ер адамның осалдығын мойындауы мен оған деген қоғамның қолдауын білдіреді.

Ер адамдар эмоциясын неге жасырады?

Қоғамдағы қалыптасқан ұғымдар бала кезден ер адамның эмоциясын көрсетпеуін талап етеді: "жылама", "еркек емессің бе", "сабырлы бол" деген сөздер баланың санасына ерте жастан сіңіріледі.

"Әкелер баласының ер мінезді болуын қалайды. Бірақ сол арқылы баланың шынайы сезімін елемей, ішкі жан дүниесіне назар аудармайды. Мұндай тәрбиенің нәтижесінде ер жеткенде өз эмоциясын сезінуге де, білдіруге де қабілетсіз азамат қалыптасады", – дейді психолог.

Эмоцияның сыртқа шықпауы ішкі толқу, ыза мен реніштің жиналуына әкеліп, кейін бұл түрлі психосоматикалық ауруларға ұласуы мүмкін.

Әке болу – рухани сын

Ер адам отбасын құрған соң да түрлі психологиялық сынақтарға тап болады. Әсіресе әкелікке қадам басу – әр ер азамат үшін үлкен ішкі өзгеріс кезеңі.

"Шынайы әке болу үшін ер азамат алдымен жеке тұлға ретінде жетілуі тиіс. Жауапкершілікті мойнына ала алатын, психологиялық тұрғыда тұрақты азамат қана әке рөлін дұрыс орындай алады", – дейді маман.

Жаңа рөл, қорқыныш пен сенімсіздік, ішкі мазасыздық – мұның бәрі ер адамның психологиялық тепе-теңдігін бұзуы мүмкін. Сондықтан бұл кезеңде қолдау мен түсіністік аса маңызды.

Суицид – үнсіздіктің зардабы

Статистика көрсеткендей, суицид жасаушылардың көбі – ер адамдар. Бұл олардың ішкі жан айқайын жеткізе алмауының, оқшаулану мен жалғыздық сезіміне бой алдыруының нәтижесі.

"Эмоциясын сыртқа шығара алмай, іштей күйзелетін ер адамдар үмітсіздікке тап болады. Егер бұл күйде жалғыз қалса, өмірден түңілуі оңай. Мұны «үнсіздік трагедиясы» деп айтуға болады", – дейді Ұлмекен Сәндібекқызы.

Алайда соңғы жылдары ер адамдар психологиялық көмектің маңызын түсіне бастаған. Психологтың айтуынша, кейінгі үш жылда терапияға жүгінетін ер азаматтардың саны едәуір артқан. Олар көбіне отбасылық қарым-қатынасты реттеу, ішкі күйін түсіну, өзін-өзі дамыту мақсатында көмекке жүгінеді.

Қорытынды

Ер адамдар да сезінеді, шаршайды, күйзеледі. Бірақ олар бұл туралы ашық айтуға көбіне батылдық таппайды. Сол себепті маусым айында ерлердің психологиялық жай-күйіне көңіл бөлу – қоғам үшін маңызды қадам. Әр адам қолдауға лайық. Ал ер адамдарға қолдау – қоғамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші.