фото: sports.kz
Нидерландтың Эйндховен қаласында өтіп жатқан Eindhoven Box Cup халықаралық турнирінде Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары арасында тағы бір тартысты кездесу өтті. Бұл туралы Sportinside.kz хабарлады.
90 келі салмақ дәрежесінде финалға жолдама үшін қазақстандық Сағындық Тоғамбай өзбекстандық Турабек Хабибуллаевпен күш сынасты. Жекпе-жек Хабибуллаевтың бірауызды төрешілер шешімімен жеңісімен аяқталды.
Бұл нәтижеге сәйкес, Турабек Хабибуллаев финалға өтіп, кем дегенде күміс медальді қамтамасыз етті. Ал Сағындық Тоғамбай турнирді қола жүлдемен аяқтады.
Айта кетейік, бұл кездесу – екі Азия чемпионының жекпе-жегі болды. Сағындық Тоғамбай 2023 жылы Азия чемпионатында 92 келіде алтын жеңіп алса, Турабек Хабибуллаев 80 келіде чемпион атанған болатын. Бұдан бөлек, Хабибуллаев – 2022 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы.