Эстрада әншісі Алтынай Жорабаева мобилографпен жүрген әріптестеріне Instagram парақшасы арқылы ескерту жасады. Ол той-жиындар мен ресми шараларда әрбір сәтті түсіріп, жариялап отырудың сырт көзге жағымсыз әсер қалдыратынын айтты, деп Sportinside.kz тілшісі Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Әншінің айтуынша, кей өнер иелері қайда барса да мобилографпен бірге жүреді. Қонаққа кіргеннен бастап, амандасқан сәті, сыйлық бергені, тіпті Құран оқылып жатқан мезеттер де видеоға түсірілетініне қынжылады.
– Мобилографпен үнемі жүретіндерге айтарым – шектен шықпаңыздаршы. Қайда барсаңыз да бірге жүреді. Тойда, мешітте, қонақта – бәрін түсіресіздер. Бұл шын ниеттен емес, «көрсету үшін» екенін байқалып тұрады. Иә, жұмыстарыңызды түсіріңіздер, өнерді насихаттаңыздар, бірақ шекарадан аспайық, – деп жазды Жорабаева.