ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Әйгерім есімді келіншек өзінің тұрмысындағы қиын жағдайымен бөлісті. Ол сөзін үлкен әпкесінің бір кездегі айтқан сөзінен бастады:
«Әпкем алғаш тұрмысқа шыққанда келіп: “Ене анаңдай болмайды, барынша сыйласаң да, күні бойы тыным жоқ. Таңнан кешке дейін алдыңда құрдай жорғалап жүруің керек” деп ренжіп отыратын. Сонда мен оған: “Анаңдай сыйласаң болды емес пе? Үйін таза ұстап, тамағын пісіріп, жаныңда жүрсең, ешкім үндемейді ғой” деп күлкіге айналдыратынмын. Енді өзім келін болғасын ененің қандай болатынын шын түсіндім. Оның үстіне менің жағдайымда бір емес, екі ене бар...»
Айтуынша, күйеуінің әкесі екі рет үйленген. Алғашқы әйелінен кейін екінші рет шаңырақ көтеріп, кейін қайтадан бұрынғы жұбайымен жарасыпты. Қазір екі отбасыға да қатынап тұрады. Ал Әйгерім болса, екі жақтағы енесінің де көңілін табуға, екі үйдің шаруасын бірдей атқаруға мәжбүр екенін айтады.
«Кейде бір үйдің тірлігін жасау оңай емес, ал мен екі жақтың да тапсырысын орындауға тырысып жүрмін. Бір жағынан, екі түрлі мінез, екі түрлі талап. Күнде біреуі ренжіп, екіншісі өкпелеп отырады. Араларында бұрыннан бәсекелестік бар сияқты. Менің орнымда басқа біреу болса, әлдеқашан қашып кетер ме еді», – дейді ол.
Жас келіннің айтуынша, күйеуі бұл жағдайды түсінгенімен, нақты шешім қабылдауға асықпайды. Әйгерім енелерінің тілін табуға барынша тырысса да, арасында тығырыққа тіреліп қалатынын жасырмайды.